Надандық пен адамдық майданы: Нұртөре Жүсіп қазақ жастары қандай болуы керегін айтты

Надандық пен адамдық майданы: Нұртөре Жүсіп қазақ жастары қандай болуы керегін айтты
Мәжіліс

Жастардың өмірлік мақсаты қымбат телефон мен сәнді көлік секілді материалдық қажеттіліктерді өтеумен ғана шектелмеуі керек. Мұндай пікірді Нұртөре Жүсіп білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бәріміз ұрпақ өсіріп отырмыз. Балаларымыз, немереміз бар. Қазақ жасы, ұрпағымыз қандай болуы керек? Әрине, өз ұрпағымыздың жаман болғанын көргіміз келмейді. Ең бірінші мәселе - надан болғанын көргіміз келмейді. Надандық пен адамдықтың майданы - мәңгілік майдан. Надандықтың ауылында қалған адам адамдықтың ауылына жолай алмайды, дейді Нұртөре Жүсіп. 

Ол қылмыс та, көрсеқызарлық та, көреалмау да надандықтан шығатынын айтады. 

Сөз қуарлық, қолынан іс келмей, сынап, мінеп отырудың бәрі надандық. Осының бәрін Абай атамыз айтып кеткен. Сондықтан адамдықтың жолын ұстану керек. Адамдық жолы - ардың жолы. Ар, ұят, намысты аяқ-асты етпе. Оны сақта, қадірле, дейді Нұртөре Жүсіп.

Оның сөзінше, адам баласы өмірге келген соң ұлтына пайдасы тиетін азамат болуы керек. 

Осы жастардың қаперінде тұруы керек. Ал тамақ ішіп, аяқ босатып, киім киіп, қымбат зат алғаннан адамның мақсаты мен мұраты қажеттілігін өтегендей болар, бірақ рухани сұраныс, жан әлемін байытатын дүниеге жастар мұқият болса екен деп тілеймін, дейді Нұртөре Жүсіп.