Қазақстан шекарасы арқылы жанармайды заңсыз шығармақ болған Қытай азаматтарына айыппұл салынды

Қазақстан шекарасы арқылы жанармайды заңсыз шығармақ болған Қытай азаматтарына айыппұл салынды
ЖИ: dalanews

Шығыс Қазақстан облысындағы «Майқапшағай» кеден бекетінде жанар-жағармай материалдарының ірі партиясын заңсыз әкету әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қытайға бағыт алған төрт жүк көлігі тоқтатылған. Көршілес елдің азаматтары мемлекеттік шекара арқылы 2,6 мың литр дизель отынын заңсыз алып өтпек болған.

Заңсыз тасымалдау схемасы жүк көліктеріне жүргізілген тереңдетілген тексеру барысында анықталған. Кеден қызметкерлері фуралардың құрылымынан арнайы жабдықтар мен қолдан жасалған қосымша жанармай бактарын тапқан. Тергеу мәліметінше, бұл техникалық өзгерістер белгіленген нормадан артық көлемдегі отынды заң талаптарын айналып өтіп, жасырын тасымалдау үшін пайдаланылған.

Заң бұзушылыққа жол берген жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 34 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.