"Бұл шешуші соққы ма?". Газпромбанк пен оның Қазақстандағы өкілдігі АҚШ санкциясына ұшырады

Кәмшат Тілеухан 22 қар. 2024 10:59 93

"Картада ақша ұстамаңдар, айфон да жарамсыз болып қалады". Ресейлік белсенділердің әсіресе, Тик-токта осындай ескерту видеолары кездесіп қалып жатады. Сол айтқандар экономикалық соғыс жағдайындағы Ресейдің басына келе бастады. Күні кеше АҚШ санкциясына ұшыраған ірі банктердің бірі - Газпромның картасын ұстаушыларға осындай жағымсыз хабарлама жетіп те үлгерді, деп жазады Dalanews.kz.

"21 қарашадан бастап шетелде Union Pay жүйесіндегі картамен төлем жасауда қиындықтар туындауы мүмкін. Егер сіз шетелде болсаңыз, онда қолма-қол ақшаны пайдалануға кеңес береміз", деп Газпромбанк хабарламасын РБК сайты келтіреді.

Ал Ресейдің өз ішінде банк қызметіне қатысты ешқандай проблема жоқ.

Бейсенбіде АҚШ жариялаған санкцияға Газпромбанкпен қатар оның жақын елдердегі өкілдіктері мен шетелдік алты еншілес компаниясы да ілінді. Өкілдіктері қатарында Қытай, Моңғолия, Үндістанмен бірге Қазақстандағысы да бар. Қазақстандағы филиал басшысы, ресми дерекке сүйенсек, Асқар Аспандияров болып табылады. Ал еншілес компаниялары Люксембургте, Гонконгта, Швейцарияда, Оңтүстік Африкада және екеуі Кипрда орналасқан. 

Одан бөлек халықаралық байланысы бар 50 ресейлік банк, бағалы қағаздарды тіркеуші ресейлік 40 ұйым, қаржы саласындағы 15 шенеунік те санкцияға ілінді. Олардың барлығы АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) веб-сайтындағы тізімге енгізілді. Осы жағынан алғанда, АҚШ экономикалық соғыста шешуші қадамдарға кірісіп жатқан секілді.

"Газпромбанк - Ресейдің Украинадағы әскери іс-қимылдарды қаржыландырушы құралы, онда да әскери қызметкерлерге және майдан шебінде опат болғандардың отбасыларына өтемақы төлеуі арқылы" деп Associated Press санкция енгізудегі басты себепті атап көрсетеді.

Газпромбанктің бүгінгі күнге дейін санкцияға ілінбей келген себебі, ол шетелдіктермен арада төлем жасау үшін керек болып келген. Әсіресе, Еуропаға табиғи газ тасымалында маңызды рөл атқарады. Бірақ соңғы жылдары Батыс Ресей газына тәуелділіктен арылу үшін бірқатар шаралар қабылдап, импорт көлемін 18%-ға дейін қысқартуға қол жеткізді.

Алдымен Ресейдің өзі 2022 жылы Еуропаға газ тасымалын күрт қысқартып, энергетикалық дағдарыс тудыруға тырысты. Оның орнына Батыс кеме арқылы АҚШ пен Катардан сұйытылған табиғи газ таси бастады. Жалпы, Еуропа 2027 жылы Ресей газынан толықтай бас тартпақ. Мұнда қазір үлкен көлемді тұтынушы Словакия елі болып тұр. Мұның қазақ газы тасымалына томпақ тұсы болуы мүмкін бе, ол жағын Dalanews.kz алда жазатын болады...


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар