Енді мектептерде тамақтандыру сапасына күнделікті тексеріс жүргізіледі

Қаракөз Амантай 19 қар. 2024 13:15 0

Оқу-ағарту министрлігі мектептерде тамақтандыру қызметтерін ұйымдастыру кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзған шенеуніктерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыруда. Бұл туралы министр Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Қыркүйек пен қазан айларында мектеп асханаларының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне мониторинг жүргізілген.

«Республикалық тексеру нәтижелері мектептегі тамақтану сапасына жергілікті атқарушы органдардың бақылауының әлі де жеткіліксіз екенін көрсетті. Бұл заңнама талаптарының жиі бұзылуынан байқалады. Мониторинг барысында 771 түрлі бұзушылық анықталғанын ерекше атап өткім келеді», – деді министр Үкімет отырысында.

Министрлік сонымен қатар жергілікті әкімдіктердің мектепте тамақтануды ұйымдастыру жұмыстарына кешенді бағалау жүргізген. Бұл ретте бірнеше факторлар ескерілген:

  •  Тамақтану сапасына қатысты мониторинг нәтижелері;
  • Асханалардың материалдық-техникалық базасы;
  • 1 оқушыға шаққандағы тамақтану құны;
  • Ата-аналар арасында жүргізілген сауалнамалардың қорытындылары.

«Мысалы, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстары мен Шымкент қаласы әкімдіктері мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға жеткілікті көңіл бөлмей отырғаны анықталды. Бұл өңірлерде бақылауды күшейту қажеттігі айқын көрініп отыр. Осыған байланысты министрлік өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзған лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту жөніндегі ұсынысты пысықтап жатыр», – деді Ғани Бейсембаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар