Болат Назарбаевтың сенімді серігі болған Қоспаевтың соты басталды

Қаракөз Амантай 17 қыр. 2024 17:48 5804

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың марқұм інісі Болат Назарбаевтың қылмыс әлеміндегі қолшоқпары болған Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы Алмас Әбдіғаппаровтың қорғаушысы Сәуле Қобжанова facebook әлеуметтік желісінде мәлім етті. 

"Бүгін Елдос Қоспаев басқарған ұйымдасқан қылмыстық топтың үстінен, оның ішінде Елдостың ағасы Айдос Қоспаев, Ерлан Имашев, Руслан Шалин, Оксана Кудряшова, Дастан Әбіжанов, Тимур Танашев және Қоспаевқа жақын басқа қылмыс әлемінің өкілдеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олардың көпшілігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Кипрмен бірлескен операциясы кезінде жеткізілген болатын.
Біз бұл істің алға жылжуы үшін 3 жыл бойы жұмыс істедік. Арыз беріліп, қылмыстық іс қозғалған сәттен бастап Астанаға Бас прокуратураға  барудан шаршамадық. Себебі қылмыстық іс қозғауға бар күшімізді салдық, ақыры дәлелдеріміз тыңдалып, қолдау тапты. 3 жыл бойы күйзеліспен ауыз толтырып айтатындай жұмыс атқарылды. Әділдікке деген мызғымас сенім мен үміт ақталды", — деді Әбдіғаппаровтың қорғаушысы.

Сонымен қатар Қобжанова бұл істе сексуалдық сипаттағы қылмыстар да бар, сондықтан процесс жабық өтетінін айтты. Сондай-ақ ол әділ үкім шығарылып, әділеттілік салтанат құратынына үміттенетінін жеткізді.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті былайғы ортада Болат Назарбаевтың сенімді өкілі саналып келген Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесін Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізгенін мәлімдеген еді. Бұл операция былтыр 6 қыркүйекте жүзеге асырылды.

Бұл топқа ҚР Қаржылық мониторингі агенттігі рейдерлік жасады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген күдікпен халықаралық іздеу жариялаған болатын.

Осылайша Жамбыл облысының бас прокуроры Нұрғалым Әбдіров Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобы елден шекарадағы салғырттық салдарынан қашып кеткенін айтты. 

"Қордайдағы тәртіпсіздіктер кезінде мемлекеттік органдардың жұмысы дұрыс емес екені анықталды. Оның ішінде, мемлекеттік шекараның сенімсіз болуы да бар. Шекара қызметін бақылау біздің құзырымыздағы нәрсе емес. Бірақ біздің облысымыз шекарада тұрғандықтан шекара қауіпсіздігі мәселелері біздің бақылауымызсыз қалмайды. Бұл жұмысқа құқық қорғау органдары ғана емес, жергілікті атқарушы органдар да тартылады. 

(...)

Соңғы жылдары Қазақстанды Еуропаға өту үшін Оңтүстік Азия азаматтарының (Пәкістан, Непал, Бангладеш, Ауғанстан) транзиттік ел ретінде пайдалану жағдайлары жиілеп кетті. Қазір біз қылмыстық элементтерді қолдана алатын шекараның тар және әлсіз жерлерін алып тастаумен айналысамыз", - деді Әбдіров Orda.kz-ке берген сұхбатында. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар