“Халық қаһары” азаматтық науқаны Атырау қаласы әкімінің әрекетін сынға алды

Қаракөз Амантай 16 қыр. 2024 16:18 2009

Атырауда құрылысы әлі күнге дейін аяқсыз қалған 25 спорт алаңының бүгінгі жағдайына Жаңа адамдар алаңдаушылық білдіріп, әкімшілікпен байланысты. Ақпарат көздеріне сүйенсек, бұл нысандардың жалпы құрылысына 1,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Алайда 5 жыл бойы құрылысы аяқталмай, сол күйі тұр. 2023 жылдың көктемінде Жаңа Адамдар осы мәселені көтерген тұста Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов бүкіл Қазақстанға камера алдында 2023 жылдың аяғы немесе 2024 жылдың басына қарай балалар спорт алаңдарын толықтай пайдалана алатынын айтып, уәде еткен еді.

"Халық қаһары" азаматтық науқанының белсенділері осы уәденің орындалғанына көз жеткізу мақсатында қайта бақылау жүргізіп, нәтижесінде құрылыс “баяғы жартас сол жартас” күйде тұрғанын анықтады.

Ермұхановтың сөзінде тұрмай, құр уәдемен алдап-арбағаны, әрине, қынжылтады. “Құлаққа кеспе ілген” шенеуніктің сөзінің де, өзінің де қадірі қалмағанына көз жетті. Жаңа Әділетті Қазақстанда билік тарапынан адамдарға мұндай қарым-қатынас көрсетуге жол берілмейді.

Ашынған "Халық Қаһары" азаматтық науқанының белсенділері Нұржан Ермұхановтың бос уәдесі мен ессіз әрекетін халық бағалау керек деп санайды. Сол үшін Атырау көшелеріне шығып, халыққа да Үндеу жасады. Атыраулықтар да өз ойларын ашық білдіруден қымсынған жоқ.

Осылай Нұржан Ермұхановқа “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүретін, міндетін дұрыс атқармайтын шенеуніктерге берілетін
“Халық Қаһары” анти-жүлдесі, LRT тірегі бейнесіндегі мүсінше табысталды. Бірақ әкім басын ала қашып, ешқандай уәде бермегенін алға тартты. Тіпті барлығы айдан анық көрсетілген бейнежазбаны да жоққа шығарды. Ал “теріс марапатты” айқай-шумен белсенділер кабинетке қалдырды.

“Мен шенеуніктерге, басшыларға, директорларға, басқарушыларға және  халық алдында жауапты барлық адамдарға айтамын! Қарапайым бір нәрсені есте сақтаңыздар. Егер мәселенің шешілуіне ұзақ уақыт қажет болса, адамдар оны ұмытып кетеді деп үміттенбеңіздер. Керісінше, қалалықтар әділдік орнатып, өздерін алдап жүргендермен кездесуді талап ететін болады. Біздің жобаның міндеті – осы кездесуді ұйымдастыру. Біз мұны міндетті түрде орындаймыз. Бұл жағымсыз, ұят кездесуден аулақ болудың бір ғана жолы бар. Халық игілігі үшін өз жұмыстарыңызды тиімді және адал атқарыңыздар. Жаңа Әділетті Қазақстанға лайық әрекет етіңіздер”, — дейді “Халық Қаһары”азаматтық науқанының көшбасшысы Алихан Сарсенов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар