Қытай орталығы Пекин қаласында дүниеге келген жас жазушы Айдос Амантай өзінің «Айдос – Шолпан» романы арқылы миллиардтар елінің қаламгерлерін тәнті етіп отыр. Қытай тілінде жазылған романның постмодерндік сипаты мен мазмұндағы жаңалығын айтып жатқан қытайлық сыншылар, жазушының болашағынан үлкен үміт күтуде.
Қытай тілінде жазылған бұл романның алғашқы таралымы 10 мың данамен басылып, оқырманның қызығушылығын тудырған. Ол жиырмаға жетпей, «Ең кемел қиықтар» атты жыр жинағын да шығарыпты. Айдос тілі қытайша шыққанынан қарамастан, өз қалауы бойынша Атамекенге келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін биыл аяқтап, Қытайға кетті. Осында жүріп, қазақша үйренді. Болашақта Америкаға барып, шығармашылық ізденіске жол ашпақшы көрінеді. Бар арманы әлемге әйгілі жазушы болу әрі қазақтың рухани болмысын сөз өнерімен кестелеу. Жуырда Қытайдың сайттарында «Қазақ мәдениеті» атты ой-толғамы жарық көріпті. Біз арғы беттегі қандастарымыздың сайттарынан сол мақаласын ықшамдап, газетке беруді құп көрдік. Пекинде туған қазақтың өз ұлтын қалай танығаны оқырманды бей-жай қалдырмас деген ойдамыз.
Сонымен, біз қандай ұлтпыз?
[caption id="attachment_8129" align="alignnone" width="300"] «Америкада қайыршыларды кемсіту әрекеті жоқ», – дейді Джон.[/caption]
Американдық Джон өткен апта Алматыдан кетті, көңілсіздік меңдеп алды.
Қайыршыға көзқарас
Жер асты өткелегінде бір қайыршы әйел тұр. Оның Ауғанстаннан қашып шыққан тәжік әйел екенін білдім. Қасына кішкене баласын ертіп алыпты. Оның қасынан көптеген қандастарым өтіп жатты, ара-тұра азын-аулақ тиындарын тастап кетеді. Қайыршыға ақша бергенде оң қолмен емес, сол қолмен беру керек және қайыршының көзіне қарамаған абзал. Өзге қазақтар қалай істейтінін білмеймін, әйтеуір бала кезімнен маған шешем:
– Қайыр бергенде сол қолыңмен бер, – деп ескертіп отыратын. Бір жолы оң қолыммен беріп ем, шешемнің жата кеп ұрысқаны бар. Мен қайыршының көзіне қарамау туралы америкалық Джонға айтқанымда, бар білетін қазақшасымен: «түсінбеймін» деді. Мен де түсінбеймін. Бәлкім «Құранда» солай жазылған шығар. Бірақ іздеп таппадым. Мен америкалық досыма қайыршының көзіне қарамай, сол қолыммен ақша беріп жүргенімді айтқанымда, ол менің мұндай надандығымды бетіме басып: «Америкада қайыршыларды кемсіту әрекеті жоқ», – деді. Мен сонда ғана қазақтың ырым-жырымдарының көпшілігі мәдениет емес, қарабайырлық екенін сездім. Ал Джон американдық христиан мүриті. Ол Алматыға келгенде маған:
– Сендердің өзбектерді ұнатпағандарың жарамайды. Олар да сендердің мұсылман туысқандарың, – деген. Сонда қасымыздағы кейбір қазақ студенттер таласа-тармаса шулап кететін.
– Мен қазақтың адай руынан боламын. Адайлар қазақтың ең текті, сорпа бетіне шығатын, қаны асыл руы есептелінеді, – деп. Мұндай жағдай көп қайталанушы еді. Сонда бұл ұлттан не үміт қалды?..
Джонға сабақ берген ұстаздар, алматылықтар күніне неше түрлі жиын, басқосулар өткізіп, өздерін Америкаға мақтап кеп жататын. Біз деген бай... Бізде мұнай көп. Біз деген атақты... Дәл сол кезде мен бетімді бүркеп алып оған:
– Мұндайларды ұнатпаймын, араласқым жоқ, – деп айттым. Ол таңырқағандай:
– Не үшін, сенде сонау алыстан кеп отырсың, өз ұлтыңды сүймесең не үшін келесің бұл араға, – деді. – Бұл сенің ұлтың, өз қаның...
Шындығында, америкалықтар арамза және қатігездеу келеді, бірақ ол мыналармен салыстырғанда сүйкімділеу...
Джон бұл араның мән-жайын барған сайын біліп келеді, саған сәттілік тілеймін, досым.
Оның діні басқа болса да, күніне қара көже ішіп, қалтасындағы ақшасын қазақтарға қағып беретін. Оның ақшасын алатындардың кейбірі қайыршы болмаса да, аз-мұз пайдаға кенелгісі келетін қазақтар жоқ емес. Сондай кезде менің қаным қайнап, жұдырығымды ала жүгіретінмін. Ал Джон менің алдымды тосып: «Мейлі, ала берсін, мейір бағыштау дегеніміз осы...», – дейтін еді. Оның қарыз ақша беру дағдысы өзгеге ұқсамайтын. Оған қарыз алған ақшаңды қайтармайсың... Көптеген қазақтар оны "жынды" деп келемеж қылатын, одан жүз доллардан артық ақша алып алса да, оның жүзі айналып кеткен соң маған:
– Айдос, қарашы мына американдыққа, ақшаның қадірін білмейтін "әумесер", күндердің күнінде осының зардабын тартады, – деуші еді беттері бүлк етпей. Әкесінің басы... Джон, сен нағыз азаматсың!..
Ол менімен қазақ мәдениеті туралы беріле сөйлесуге құштар еді. «Досым, сен Түркияға барсаң болады. Ислам мәдениетін сезінесің. Бұл жердегі қазақтар сені: «жат діннің өкілі, жоғал!» дейді ғой Джон саған». Сен үнемі тілек тілейтінсің, мен сенен «Неге?» деп сұрағанымда: «Қазақ өзіне тиесілі бақытын тауып алуы керек. Ал кедейлерге жақсы көзқараста болыңдар. Қазақ ұстаздар оқушыларға жауапкершілікпен қараса, оқушылар да ынталы болар еді... Студенттер күнде түнгі клубқа барып, құйрықтарын бұлғаңдатқанша, біраз нәрселерге ой жүгіртіп, білім іздесе, сонда ғана қазақ бақытты болар», – дейтінсің...
«Сенен гөрі ол көмекке мұхтаж»
Қазақ ұлттық университетіндегі француз тілінен сабақ беретін қазақ ұстаз бір қыз баланы аямай боқтап, оның тапсырмасын бетін лақтырып жіберді. Себебі, оның тапсырмасында қателіктер көп еді. Компьютер мұғалімі де тапсырманы жыртып, студенттің бетіне лақтырғанға құмар. Сол ұстаздар ең төмен жалақы алып жүреді де, өзінен бір саты жоғары бастық келсе, алдарында құрша жорғалап, өздері боқтайтын студенттерден бетер имеңдеп қалушы еді.
Мен бір кестені сызғыш істетпей, қолмен сызғаным үшін "таяқ жедім". Ойлашы, мен осы мақаланы бірер қазақтың көргенін армандаймын. Бейжіңде бірде бір мұғалім маған тиісіп көрмеген еді. Ал Қазақстанда 22 жастағы атпал азамат болып қалған мені университет ұстазы басыма ұрды да: «Ұят жоқ», – деді. Мен бұл іске қатты ашуландым. Джон маған түсіндіріп: «Сенен гөрі, сол сені ұрған мұғалім көп көмекке мұқтаж. Сен оған рахмет айтуың керек, – деді...
Ораза айт күні мен мешіттен шығып келе жатып едім, қалың қайыршы мені қоршап алды. Дұрыс, намаз өтеп болғасын, қайыр-садақ беру парыз. Алайда бұл жердегі қайыршылар шетінен ақша талаушыға айналып кеткен бе, қалай?! Мен ақша беріп келсем, ең соңында тұрған біреуі менен қайыр сұрады. Мен қалтамда қалмағанын айтсам, ол маған ашу шақырып, боқтап, жерге түкірді... Ашуымның келгенін қара... Кітапта "қайыршыға қайыр ет" деген, бірақ барлық жарлыға демеген секілді еді. Тағы түсінбегенім, мешіттің алдында мұнысы несі?! Джон маған мұндай адамдарды сүюің керек, тұрмыс оларды мүшкіл халге түсіріп қойған, амалсыз қайыр тілейді деген болатын.
Қош бол, Джон!
Джон бір жолы тоналып қалды. Ол ұрыны ұстап алғаннан кейін, оған жекірудің орнына: «сен қаржыдан тарығып жүрген болсаң, мен саған тағы да ақша беремін, бірақ менің бір шартым бар, сен сөзсіз ұрлығыңды тастап, жақсы адам боласың, өзің адал қызмет тауып, табан ет, маңдай теріңмен жан бағасың, осыған келісетін болсаң, мен саған көп көмек қыламын, ақша беремін» деген. Джон ұрыларды да өз інісіндей көріп, жанашырлық көрсететін.
Джон кеткен күні мен әуежайда жападан жалғыз құлазып қала бердім. Бүкіл Алматы иен атыраптай сезілді. Бұл арада, Қазақстанда өмір бойы қалу деген болмайды, кету керек шығар. Сол күні әуежайдан үйіме қарай екі сағат бойы жаяу жүріп, әзер жеттім...
(Жалғасы бар)