Қазақ елі өзінің азат ғасырының бестен бірін толтырды. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұрғыдан алып қарағанда да аса көп уақыт емес. Бірақ осы бір қысқа мерзімге қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді.
Әсіресе, ұлт көшбасшысы, тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көші-қон саясатының арқасында алыс-жақын шетелдерден 1 миллиондай қандасымыз отанға оралды. Бұл Қазақстанға қосылған адами ресурстар ғана емес, сонымен қатар елімізге құйылып жатқан мәдени, ғылыми-техникалық және экономикалық байлық бұлақтары болып табылады. Өйткені шеттен келген ағайындар отанға қазақтың дәстүрлі мәдениетімен қоса, өздері өмір сүрген елдердің озық мәдениеттерін де алып келуде. Өзгені былай қойып, білім және ғылым саласына қосылған жоғары білікті педагог ғалымдардың өзі қаншама! Бір ғана гуманитарлық білім, ғылым саласында тер төгіп жүрген ғалымдардың еңбектерінің өзі бүгінде отандық ғылымдағы толып жатқан ақтаңдақтарды толтыруда. Әсіресе, отандық шығыстану, тарих ғылымына сирек мамандықтар иелері келіп қосылды. Олар – шығыстың ескі қолжазбаларын түпнұсқадан тікелей оқып, пайдалана алатын тарихшы-лингвист мамандар. Бұл саладағы ғалымдарды кеңестік кезеңде «сирек мамандар» деп ерекше бағалайтын-ды. Сондай ел мерейін өсіріп, отандық ғылым мен білім саласында еңбек етіп жүрген қандас-бауырларымыздың бірі – белгілі ақын, аудармашы, қазақстандық қытайтану ғылымының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Мәсімханұлы.
Бүгінге дейін Д.Мәсімханұлының қаламынан әдеби шығармалары, ғылыми-зерттеулері, көркем аудармалары, оқулықтары мен оқу құралдары болып 30-ға жуық кітаптары жарық көрді. 300-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектері отандық және шетелдік жетекші ғылыми басылымдарда жарияланды. Сондай-ақ ғалым-ұстаздың алдынан жүздеген қытайтанушы мамандар түлеп ұшты. «Елім!» деп отанға оралған бір ғалым үшін тек осы айтқандардың өзі аз жетістік болмаса керек.
Ал жақында ғана ғалым-ұстаздың таңдамалы зерттеулерінің үш томдығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Еңбекті баспаға ұсынған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кеңесі.
Әр томы 35-37 баспа табақтан, 600 беттен тұратын үш томдық іргелі зерттеулердің I томы қытайда тұратын қандасымыз, тарихшы-ғалым, көрнекті жазушы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері С.Р.Жанболатовтың алғы сөзімен басталады. Бұл томға қазақ халқының ұлы жазушысы М.Әуезов пен қытай халқының классик жазушысы Лу Шүн шығармашылығын, XX ғасыр басындағы қазақ және қытай әдебиеттерін, аталған екі ұлы суреткер шығармаларындағы ұлттық дәстүр жаңашылдық тақырыбын салыстырмалы әдебиеттану ғылымы тұрғысынан зерттеген «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» атты монографиясы, сондай-ақ Қытайдағы қазақтардың XX ғасырдың алғашқы жартысындағы әдебиетін, оның ішінде поэзиясындағы ұлт-азаттық идеяны арнайы қарастырған «Жыр-Жебе» атты зерттеуі енгізілген.
«Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» атты зерттеуде XX ғасыр басындағы қазақ және қытай елдерінің әдебиетін, М.Әуезов пен Лу Шүн шығармаларындағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін, XX ғасыр басындағы екі елдің саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени, қал-ахуалын салыстыра қарастырады. Ал «Жыр-Жебе» атты монографиясында қытайдағы қазақ әдебиетіне ұлт-азаттық идеяның қашан, қалай таралып, дамығанына ғылыми талдау жасайды; ұлт-азаттық идеясын жырлаушы ақындардың тағдыр-талайын сол кездің тарихи-әлеуметтік жағдайымен байланыстыра қарастырады; ұлт-азаттық идеясын жырлаушы ақындардың көркемдік әлемін ғылыми тұрғыда зерттеп, сол арқылы олардың тек саяси ұранның жетегіне ермей, қайта олардың әрқайсысы көркем ойдың көшелі нұсқасын жасап кеткендігін ашып береді. Д.Мәсімханұлы тарихи отанына оралғалы бері тұрақты түрде Қазақстан оқырмандары мен зерттеушілеріне қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы, қытайдағы қазақ әдебиетінің тарихы мен даму беталысы жөнінде көптеген зерттеулерін ұсынып келеді. Соның бір жарқын мысалы ретінде, оның 1999 жылы академик Р.Нұрғалидың жетекшілігінде қорғаған «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (1920-1950)» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын атап айтуымызға болады. Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері А.Үлімжіұлы, Ә.Найманбаев, К.Маралбайұлы, Т.Жолдыұлы, Д.Шалғынбай, Ш.Әлғазыұлы, М.Разданұлы қатарлы ақындардың өмірі мен шығармаларын арқау еткен зерттеулері «Жыр-Жебе» деген атпен І томға енгізіліпті. Осылайша ғалым аталған зерттеуінде қытайдағы әйгілі қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығы мен олар жасаған тарихи дәуірді бүгін азат санамен қарастыра отырып, оларды алғаш рет қазақстандық әдебиеттану ғылымының айналымына енгізіп отыр.
Профессор Дүкен Мәсімханұлы соңғы ширек ғасыр ауқымында еліміздегі қытайтану ғылымын қалыптастыру мен дамытуда өте жемісті еңбек етіп келеді. Қытайтану – бүгінгі әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен қанат жайып, тез өсіп келе жатқан елтану ғылымы. Алайда оның көкейкестілігін, мақсаты мен міндетін әр ел синологтары өзінше сипаттайды. Ол, әрине, орынды да. Себебі, бұл мәселені әр ел өзінің саяси-әлеуметтік әлеуеті мен мүмкіндігін және содан туындайтын өз мүддесі тұрғысынан қарастырады. Ал қазақстандық қытайтану ғылымының көкейкестілігі, мақсаты мен міндеттері де тек өз еліміздің мүддесі мен әлеуетін басшылыққа алуға тиіс. Осы ұстаным бойынша отандық қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуы саласында тер төгіп жүрген ғалымның ғылыми зерттеулері мен ғылыми-танымдық еңбектері таңдамалы шығармаларының II томына еңгізіліпті. «Таңдамалы» зерттеулер жинағының II томы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасовтың алғы сөзімен ашылады. Мұндағы еңбектерді де елімізде енді-енді қалыптасып келе жатқан қытайтану ғылымына қосылған қомақты үлес деп айтуымызға әбден болады.
Ал ғалымның таңдамалы еңбектерінің III томына соңғы жылдарда республикамыздың іші-сыртында жарық көрген зерттеу мақалалары топтастырылған. Мұндағы зерттеулердің дені ежелгі түркілер мен қытайлардың қарым-қатынасы, ежелден көрші екі халықтың бағзы замандардан бүгінге дейін жалғасып жатқан ұзына тарих бойындағы рухани, мәдени байланыстарына арналған еңбектер. III том Қытайда тұратын тарихшы-ғалым, жазушы, ҚХР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ж.Мырзахановтың алғыс сөзімен ашылады. Әсіресе, осы III томда «Қазақ-қытай елдері мәдени-рухани қарым-қатынасының бастау көздері», «Қытай, Жапония, Моңғолия елдеріндегі түркология ғылымы», «Көне қытай жазбаларындағы түркі ақындары», ««Оғызнама» – ортақ мұра». «Ежелгі түркі әдебиеті тарихын дәуірлеудің басты ұстанымдары», «Ежелгі қазақ тарихындағы қытай қыздары» атты еңбектер қазақ тарихындағы көптеген ақтандақтардың орнын толтыратын құнды дүниелер. Бұдан сырт, Дүкен Мәсімханұлының бағзы заманнан бүгінге дейінгі қазақ-қытай қатынастарына, қытайдағы қазақтарға қатысты отандық және шетелдік мерзімді баспасөз беттерінде ілгерінді-кейінді жариялаған еңбектерін де осы ІІІ томнан оқуға болады. Сондай-ақ «Қазақтың ертедегі саудасы», «Ежелгі Орта Азия елдері әдебиетінің қытайдың классикалық әдебиетіне әсері», «Жалғыз тал көрсең қимай жүр», «Қытайдағы қазақтану ғылымының даму беталысы», «Тамырға тағзым» қатарлы еңбектерінің аттарын атасақ та, ғылымның аталған сала бойынша құны мен өзектілігін аңғаруға болады. Ғалым сөз болып отырған томдағы еңбектерінде Қазақстан Республикасының шығысындағы алып көршісімен тарихи-мәдени қатынасының қыры мен сырын байыппен таразылап, қытай тіліндегі тың дәйек, тарихи деректерге сүйене отырып, түркология ғылымы мен қытайтану саласына мүлде тың көзқарастарын ұсынады.
Қорытып айтқанда, ғалым-ұстаз, профессор Д.Мәсімханұлының бұл үш томдықтағы зерттеулері қазақ әдебиеттану, салыстырмалы әдебиеттану, шығыстану, мәдениеттану ғылымы саласындағы мамандарға, жоғары оқу орындарындағы қазақ әдебиеті, шетел әдебиеті, әдебиеттану, қытайтану, мәдениеттану, дінтану саласында ізденіп жүрген жас ғалымдарға арналған. Сондай-ақ ұзына ғасыр бойындағы қазақ және қытай қоғамын, екі елдің қарым-қатынасын, екі елдің саяси-әлеуметтік жағдайын, мәдениеті мен әдебиетін білгісі келетін жалпы оқырман үшін ғылыми да, танымдық та құны жоғары дүниелер.
Д.Мәсімханұлының ізденістері қазақ және қытай әдебиеті мен мәдениетін келешекте типологиялық тұрғыдан жан-жақты саралауға, сөйтіп түркітану мен қытайтану саласындағы зерттеулердің іргелі сипатын арттыруға үлес қосатыны даусыз.
Ш.Ыбыраев,
филология ғылымдарының
докторы, профессор