Қазақстандық БТА Банкінің бұрынғы қожайыны Мұхтар Әблязов бостандыққа шыққан соң франциялық Liberation газетіне берген сұхбатында 2005 жылы Қырғызстандағы "қызғалдақ революциясын" қаржыландырғанын мәлімдеді. Әблязов өзін қудалаудың тек қана саяси астары бар екенін айтты. Саяси қызметі ретінде ол Қырғызстандағы оқиғаларды мысалға алды.
"2005 жылдың басында мен Қырғызстандағы режимді құлатуға ықпал ету үшін сондағы оппозицияны қаржыландырдым. Мен үшін бұл өте маңызды болды, өйткені постсоветтік республикалардың бірінде демократиялық процесс басталуы керек еді, республика дұрыс реформалар жүргізе білді", - деген саясаткер сөзін forbes.kz жариялады.
Қазақстандық бұрынғы банкир және оппозиционер Мұхтар Әблязов француз түрмесінен 10 желтоқсанда шықты. Ол түрмеде 2013 жылдың жазынан бері отырды. Әблязовтың бостандыққа шығуына Франция Мемлекеттік кеңесінің оны Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жою жөніндегі шешімі себеп болды.
Әблязов отанында сәтті кәсіпкер болды, 1990-жылдардың соңында үкіметте жұмыс істеді, энергетика, индустрия және сауда министрі болды. 2001 жылы ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болды. 2002 жылы қазақстандық сот оны қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен алты жылға соттады. Әблязов 2003 жылы босап шықты, саясатпен айналыспаймын деген уәдесінен соң рақымшылыққа ілікті. 2005 жылы БТА Банкінің директорлар кеңесінің төрағасы атанды, 2009 жылы билік банкті мемлекеттендіру туралы жариялағанға дейін соны басқарды. Әблязовқа қарсы сотқа арыз түскен соң ол елден қашып шығып, Ұлыбританиядан саяси баспана алды. Кейін Қазақстан атынан британдық сотқа Әблязовқа қарсы шағым түсіріліп, оның кейбір активтері құлыпталды.
2012 жылы британдық сот Әблязовты қаржы активтеріне қатысты жалған ақпарат берді деген қорытындымен 22 айға соттады, одан соң ол Ұлыбританиядан кетіп қалды.