«Бекет», "көк ит" немесе тіл құдіреті

Dalanews 27 қар. 2015 05:28 1237

Жас драматург Ықылас Шалғынбайдың «Бекет» шығармасын оқып отырған тұста менің санамда әлдебір елес кезіп жүргендей сезілді. Бұл елес аталған шығармамен тіке қатысы жоқ сияқты. Бірақ, ойым шығарма мәтінінің бойлауына ілесіп, әлгі елес әуелдегі бірде бар, бірде жоқ күйден біртіндеп белең беріп, көлеңкеден көрнеуге шығып, тұлғалана түскендей болды. Менің ойыма М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы бір сюжет келген еді. Ол ат жалын тартып мінген Абайды ауыртып, сонымен бірге оны ересектер қатарына қосқан оқиға – Қодардың өлімі. Сол оқиға барысында Құнанбай бастаған дала билеушілерінің зорлығынан басына өлім қаупі төнген Қодардың аузынан «көп ит бір жақ, көк ит бір жақ» деген бір ауыз сөз шығады. Менің санамда жортып жүрген осындағы «көк ит» деген сөз еді. «Бекетті» оқу барысында неліктен менің санамда осы сөз пайда болды екен?
М. Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын бастап жазған тұс (жоғарыдағы сюжетті жаратқан кезең) өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарына тура келеді. Ол Қазан төңкерісі мен екі рет отқа ораған дүниежүзілік соғыстың дауылы ұйытқый соққан кезең болатын. Немесе Гегелдің диалектикалық философиясынан туындаған «қарама қарсылықтың бірлігі» теориясы Маркстің көзқарасымен шыңдалып, Лениннің қолымен қоғамдық өзгерісте жаңа қырынан көзге түскен тұс еді. Бір мәдениеттің айдынында, бір жүйеде өмір сүріп келгеніне қарамастан, қоғам от пен судай отаспайтын екі арнаға жіктеліп, жіктеліп қана қалмай бірін-бірі еш аяусыз құртып, жойып жіберуге дейін бара жатқан болатын. Тарихты диалектикамен түсіндірген танымдағы мұндай бөгделену ушыққан төңкеріс пен саясат шеңбері ішінде ғана емес, жалпыбеттік шартсыз ақиқатқа айналған кезеңде болған. Бұлар М.Әуезовтің таным көкжиегінде із қалдырмай қалған жоқ. Романдағы автордың қаламынан туған Қодар мен Құнанбай бастаған билеушілердің тартысында орын алатын ырғақ пен нәтиженің бар болмысы да осыны аяғақтайды. Бірақ, өмір мұндай қарапайым емес. Тарих диалектиканың заңдылығына ғана сия бермейді. Бұл түйінді жазушы ретінде М.Әуезовтің де бейсаналы тұрғыда аңғаратынында дау жоқ. Әйтпегенде, ол Қодардың аузына «көк итті» салмас та еді.
Басына өлім қаупі төнген Қодардың аузынан шыққан «көп ит бір жақ, көк ит бір жақ» деген сөз бір қарағанда тартыстың екі жағын түсіндіріп тұр. Оның бір жағы Құнанбай бастаған дала билеушілерін меңзесе, екінші жағында жалғыз басынан басқа ешкімі жоқ Қодар тұр. Бірақ, жоғарыдағы тіркестегі «көк ит» деген сөз «көп ит» дегенге қарама-қарсы «жалғыз» деген мағынаны білдіріп қана қалмайды. Бұл сөздің мағынасы одан әлдеқайда терең. Бұл жердегі «көк ит» деген сөз «жалғыз» дегенді ғана емес, «өзгеше», «басқаша» деген мағынаны да береді. Ал соңғы мағыналар таным тұрғысынан көпше мағынамен екі жақтылы қарсылас бола бермейді. Гоголь бастаған орыс жазушыларының сыртқы күш Жаратушыны тылсым ретінде қарастырып, соның құдіретімен (Абайдың Қодардың өліміне жолыққаны сияқты сюжетпен) адамның көкірек көзін ашып, дін мен моральдың қос бірдей шыңдауынан шыққан біртұтас адами құндылықты тұлғалайтын тәсілге жиі баратыны бар. Осы дәстүрді бойына мықты сіңірген М. Әуезов романның желісінде Абайды есейту үшін немесе белгілі бір сыртқы күш арқылы Абайдың көкірек көзін ашу үшін Қодарға қатысты сюжетті пайдаланады. Бұлар енді бір қырынан М.Әуезовтің назарында Қодарға қатысты сюжеттің қоғамдық саяси тартыстан әлдеқайда күрделі қайшылық ретінде қарастырылғанын, сондай-ақ, Қодар образына жинақталған адам характерінің күрделілігін де түсіндіреді. М.Әуезов Қодардың аузынан шыққан «көк ит» деген сөзге билеушілер мен биленушілер арасындағы саяси теке-тіресті және одан да өзге дүниелерді қамтыған күрделілікті сіңірген. Постмодернистік танымда ұқсастық пен парықтың түп мәнінен алғанда қарама қарсылыққа бармайтынын, олардың бірін-бірі қамтып жататынын, оларды қарсы қою танымда ақылдық «менге» сүйенген логосизмге бой алдыру екенін ескерсек, «көп ит» Қодардың аузынан шыққан «көк иттің» құшағына сіңіп жоғалып кететінін аңғарамыз. Мен тілдің табиғатындағы тылсымнан қуат алатын мұндай күрделіліктің әдеби мәтіннен басқа еш жерде кездеспейтінін атап айтқым келеді. Ол, әсіресе, поэзиялық мәтінде көп ұшырайды.
Бұл жердегі «көк ит» деген сөз «жалғыз» дегенді ғана емес, «өзгеше», «басқаша» деген мағынаны да береді.

Ықылас Шалғынбайдың «Бекет» шығармасын оқып отырғанда менің санамда әуелі «шығарма неге аялдама емес, бекет деп аталды?» деген сұрақ туындады. Содан кейін санамда біртіндеп Қодардың «көк итіне» қатысты ой пайда болды. Жоғарыдағы сұрақтың туындайтын өзіндік себебі бар. Өйткені, шығарма басталған жерден: «Жол бойындағы жартылай қираған ескі аялдама. Аялдама қасында үйілген қоқыс. Отыз жастар шамасындағы, сұр түсті киім киген Мұрагер мен Елеусіз аялдаманың орындығында отыр...» деп жалғасады. Қодардың «көк итіне» жасырынған күрделілік сияқты мұнда да автордың санасына жасырынған аса тартысты күрделілік тұр. Бұл күрделілік шығарманың өн бойынан менмұндалап, автордың аңдаусыз санасында «аялдама» деген сөзден «бекет» деген сөзге дейін жүріп өткен елестің құдыретімен біздің алдымыздан шығып тұр.
АбсурдТүсінген жанға тілдің қоры – сөз теңізінде «аялдама» мен «бекет» деген сөздерде үлкен ұқсамастық бар. Екі ұғымның арасында шалқар кеңістік жатыр. Егер, біз олардың арасындағы нәзік айырмашылық пен ұқсастықты айыра білмесек, тілге тән күрделілікті сезінбесек, оларды бір таяқпен айдауға үйренсек, онда біздің танымымызда бір өзгерістің, тосылудың болғанын аңғартады. Дегенмен, бүгінгі қоғам тілдің жоғарыдағыдай күрделілігі туралы түсінікті әлде қашан бір шетке сырып тастағаны белгілі. Оған мысалды ұзақтан іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Айталық, қоғамда орнығып, адамның ойлау жүйесін меңгере бастаған ғылыми-техникалық тілдің табиғаты бізді біртекті ойлануға үйрете бастады. Айталық, кез-келген техникалық атауда мәтін тұрақтандырып берген бір мағынадан өзге екінші мән (күрделілікке бастайтын кеңістік) деген мүлде болмайды. Ал бүгін қоғам осындай біртекті тілмен өмір сүреді және ол үздіксіз қарқын алып күшейіп келеді. Бұл өзгеріс адам санасындағы тіл арқылы миф пен символға, мәдениеттік құндылықтарға апаратын түйсікті тарылтып, оның орнына жалаң түсінікке құрылған материялық сананы қабылдауға мүмкіндік беруде. Тілдің жоғарыдағыдай біртекті сөз қорынан құрала бастауын алдымен сөздің өлуі немесе сөздің материалануы, одан қалса тілдің дағдарысқа ұшырауы деп қабылдауға болады. Шын мәнінен айтқанда, бүгінгі адамзаттың басты дағдарысы тілдің тылсымдық қасиетінен көз жазып қалу және соған ілесе рухани кеңістігінің күйреуі. Бұл бүгінгі жаһандық деңгейде орын алып отырған жағдай. Оның енді бір атауы «постмодернистік кезеңдегі сана дағдарысы!»
«Бекет» пьесасы санасы дәстүрлік қоғамда қалып қойған, бірақ, өзі постмодернистік әлемде жасап жатқан, содан туындаған дағдарыстан басы айналған біздің төл қоғамымыздың келбетін тереңнен ашқан.

«Бекет» пьесасы өнер туындысы ретінде бізге осы постмодернистік сана дағдарысының қыры мен сыры туралы сыр шертеді. Шығармада екі кейіпкер қалаға бармақ болып жол бойындағы аялдамада автобус күтіп отырады. Олар қаланы көрмеген, тек кітаптан ғана оқыған адамдар. Олардың уақыт туралы түсінігі адамды ойландырады. Айталық, олар сағаттың дәл қанша болғанын, таңертең немесе кеш екенін, өздерінің аялдамада қанша уақыт отырғанын түсіндіріп бере алмайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, олардың уақыт туралы талғамы миша былыққан. Адам мен қоғам үшін уақыт ежелден құндылықтардың мекені болып келеді. Адам баласы өзінде бардың бәрін дерлік соның таразысына салып өлшеп, жинақтап, бағалап, құн беріп сақтап отырған. Адам өмірі уақытпен өлшеніп қана қалмайды, өмірдің мәні де сол барыста айқындалып, құн алып отырады. Уақыт адам үшін мәңгілік таразы сияқты. Ал уақыт туралы түсінік күйрегенде не болады? Ол кезде құндылықтар да күйрей бастайды. Құндылықтар күйрегенде, орнында не қалады? Орнында тек кеңістік қана қалады. «Бекет» пьесасында уақыт ұғымынан жұрдай болған екеу, М.Фукалт айтқандай, екі айнаның ортасында тұрған адамдай шексіз қайталана беретін, бірақ, бір текті кеңістікте тыпыршумен ғана болады. Әлгі екеудің өздерінің түс көріп тұрған, тұрмағанын біле алмай қиналатының сыры да осында. Олар үшін айнақатесіз қайталана беретін кеңістіктен басқа ештеңе жоқ. Пьесаның екінші бөлімінде «қартайып» (отыз үш жаста екенін өздері айтса да) қалғанша қалаға қарай жүрген екеудің тағы сол баяғы аялдамада еңбектеп жүретіні де сондықтан. Олардың бас сүйек туралы жаттанды дүниеден арыға бара алмайтыны, соңында оны қоқыс лақтырғандай лақтыра салуының өзі құндылық біткеннен айырылып қалғанын аңғартпай ма? Бұл біздің бүгінгі уақытты сезінбейтін, есесіне шексіз кеңістіктерге сүңгіп кете беретін интернеттік-постмодернистік тірлігіміздің тасадағы философиясы емес пе?
Пьесада әлдебір құндылық үшін әлгі екеудің басын құрбандыққа беріп, бассыз өмір сүруге келісетін жері бар. Бұл біздегі дәстүрлік түсінікпен өмір сүріп, постмодернистік қоғамның ойыншығына айналып қалған күлкілі тірлігіміздің образды көрінісі.

«Бекет» пьесасы санасы дәстүрлік қоғамда қалып қойған, бірақ, өзі постмодернистік әлемде жасап жатқан, содан туындаған дағдарыстан басы айналған біздің төл қоғамымыздың келбетін тереңнен ашқан. Кітаптан оқып алып, жақсы тамақ ішіп, тамаша көлік міну үшін қалаға бармақ болып жолға шыққан екеу соңында қаланың бар, не жоқ екенін білмей, тіпті, аялдамадан қалаға баратын автобустың өтетін, өтпейтінін де біле алмай дал болады. Олар үшін аялдаманың (өздері жер басып өмір сүріп тұрған жер) өзі бары мен жоғы белгісіз болып шығады. Бұл бүгінгі біздің жаһандық саясат пен экономиканың «соқыр ішегіне» кіріп бара жатқан тағдырымызды елестетпей ме? Пьесада әлдебір құндылық үшін әлгі екеудің басын құрбандыққа беріп, бассыз өмір сүруге келісетін жері бар. Бұл біздегі дәстүрлік түсінікпен өмір сүріп, постмодернистік қоғамның ойыншығына айналып қалған күлкілі тірлігіміздің образды көрінісі.
«Бекет» пьесасында ортаға шығатын әрбір кейіпкерде салмақты тарихи-философиялық артқы көрінісі бар. Олардың бәрі өз образы тұрғысынан шығарма тақырыбына орай ой қозғайды. Бұл тұрғыдан келгенде аталған шығарма көпқабатты ойға құрылған, күрделі түйсікке ие тамаша өнер туындысы деңгейіне көтерілген.
Жиып келгенде, М.Әуезов салған қазақ өнерінің соқпағына арада жарты ғасыр өткенде жаңа бір жас әрі сезімтал өнер иесінің шыққаны адамды қуантады. Өйткені, ұлттың танымын жаңартып, санасын өсіріп, мәдениетін түлететін оның сап өнері – «Бекет» пьесасы сияқты шығармалары емес пе? Бұл тұрғыдан келгенде қазақ өнерін жаңа талантымен құттықтай беруге болады.

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар