Бағанашылдағы балалар үйіндегі даудан кейін қызметінен босатылған Алматы облысы Білім басқармасының бұрынғы басшысы Салтанат Беспаева жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Салтанат Беспаева Алматы облысының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған.
Еске салайық, бұған дейін Салтанат Беспаеваның жаңа қызметке тағайындалуы мүмкін екені хабарланған еді. Бұл туралы DALA INSIDE арнасы жазған.
“Тараптар Бағанашылдағы балалар үйіндегі айқай-шу басылғанын күткен еді. Енді сол сәт туындап тұр. Алматы облысы Білім басқармасының бұрынғы басшысы Салтанат Беспаеваны жаңа қызметке тағайындауға кедергі жоқ сияқты”, – деп мәлімдеген болатын дереккөз.
Мәліметке қарағанда, Салтанат Дауысбекқызы басқарма басшысы қызметінен кеткенімен, әкімдік жүйесінде қалған. Оның орнына бұған дейін Еңбекшіқазақ, Іле аудандары мен Қонаев қалалық білім бөлімдерін басқарған Арайлым Төлеубекова келген еді. Сондай-ақ тамыздың басында Беспаеваның Іле аудандық білім бөліміне жетекші болып баратыны туралы да ақпарат тараған.
Айта кетейік, 2025 жылдың көктемінде Алматы қаласының билігі "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешім қабылдағандарын мәлімдеді. Бұған ғимараттың ескіруі түрткі деген себепті алға тартқан. Балаларға жаңа орын алдын-ала дайындалып қойылғаны да айтылды. Алайда балалардың айтуынша, айдаладағы нысанда, тіпті таза су да болмаған. Оқушылардың өздері көшуге қарсылық танытқан.
Соған қарамастан 21 шілдеде "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіру басталды, оның арты үлкен даумен тынғаны белгілі. Желіде мәжбүрлі көшіру кезінде түсірілген видео жарияланған кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл процесті тоқтатып, балалар үйінің ғимаратын жөндеуді тапсырды. Қазір Президент Әкімшілігі қызметтік тергеу шараларын жүргізуде.
Даулы оқиғадан кейін бірден үш шенеунік қызметімен қош айтысты.
Олардың қатарында Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, облыс әкімінің орынбасары Болат Күренбеков және ішкі саясат басқармасының жетекшісі Ерік Әбітов бар.
Бұған қоса, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.