Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа көшіру туралы шешім қоғамда үлкен наразылық туғызды. 21 шілде күні жоспарлы көшіру – балалардың жылауы, талып қалуы, полиция мен жедел жәрдемнің келуімен аяқталды. Әлеуметтік желілерде видеоүндеулер тарап, қоғам белсенділері мен журналистер бұл істің астарында не жатқанын қазбалап жатқанда, араға Президент араласты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдаймен танысып шыққан соң Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға «Бағанашыл» балалар үйін жөндеп, нысанды қаланың балансына қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді. Сонымен қатар Президент Әкімшілігі тарапынан қызметтік тергеу тағайындалғаны хабарланды.
«10 жыл бойы жөндеуге қаржы бөлмеген»: ащы шындық
Алматы облысы әкімдігі балалар үйін көшірудің себебін «ғимараттың апатты жағдайы» деп түсіндірген. Олардың айтуынша, 2020 жылы «БиС Проект» ЖШС ғимаратқа күрделі жөндеу қажет деген қорытынды берген. Алайда сол уақыттан бері жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінбеген. 2024 жылы «Астана Құрылыс Сервис» компаниясы өткізген жаңа тексеру ғимараттың «пайдалануға мүлде жарамсыз» екенін растаған-мыс. Аталған құжатты ешкім көрмеген.
Қоғам қайраткері Аружан Саинның айтуынша, жөндеуге қатысты жобалық-сметалық құжаттама, сараптама қорытындысы бар, заңды рәсімделген.
«Бірақ әкімдік бұл жұмыстың бірде-бірін іске асырмаған. Енді сейсмикалық қауіп пен «қорқынышты актілерге» сүйеніп, ғимараттан бас тартқысы келеді. Құжатты ешкім көрген жоқ. Ол бар ма – белгісіз», – деді Саин.
Сондай-ақ бұл даудың астарында Бағанашыл ықшамауданындағы балалар үйінің жер телімі тұр деген күдік бар. Бұл туралы да қоғамда жиі айтылып жүр.
Арыз, бейнеүндеу және артқа шегіну
Наурыз айында балалар үйінің тәрбиеленушілері әлеуметтік желіге видеоүндеу жолдап, Қонаевқа көшкілері келмейтінін айтқан. «Біз өз үйімізде қалғымыз келеді», – деді олар. Бұл үндеуге қоғам белсенділері қолдау білдіріп, 21 шілдеде балалар үйінің алдына жиналды. Олар көшіру әрекетіне жол бермеуді талап етті.
Қысым күшейген соң Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өзі балалар үйіне барып, тәрбиеленушілермен, педагогтармен, директор Роза Бекішевамен кездесіп, жағдайды көзбен көрді. Кездесуге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева және өзге де лауазымды тұлғалар қатысты.
Нәтижесінде, әкімдік ресми түрде: «Қазір оқып жүрген балалар Алматыда қалады, жаңадан қабылданатын балалар Қонаевтағы жаңа ғимаратқа орналастырылады» деп хабарлады. Облыс әкімінің айтуынша, балалардың өздері қалғысы келетінін және жаңа ортаға бейімделу олар үшін қиын болатынын ескеріп, шешім солай қабылданған.
Ал депутат неге алаңдаулы?
Алайда жағдаймен тыныштала бергенде Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек шенеуніктердің уәдесіне сенбеуге негіз бар екенін көрсетті. Ол 10 шілдеде шыққан Алматы облысы білім басқармасының №270 бұйрығын жариялады. Құжатта "Арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығының" орналасқан жері өзгеретіні жазылған.
«Бұл не сонда? Үш ай бұрын сіздер балалар үйін көшірмейміз деп сендірдіңіздер. Ал мына бұйрық нені білдіреді? Мен ресми түсініктеме күтемін», – деп жазды депутат.