ІІМ мектептерде жарылғыш зат қойылды деген екі жалған хабарды әшкереледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бірінші жағдай Петропавл қаласында тіркелді. 112 нөміріне орта мектептердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері және жарылғыш заттарды залалсыздандыру мамандары жіберілді. Тексеріс барысында күмәнді заттар табылған жоқ.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті тоғызыншы сынып оқушысы ұсталды. Ол психиатриялық есепте тұрады.
Алматы облысының Қарасай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне де осындай хабарлама түскен. Белгісіз адам Қаскелең қаласындағы орта мектептердің біріне бомба қойылғанын айтқан. Алайда ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ. Көп ұзамай тәртіп сақшылары жалған хабар таратқан адамның жеке басын анықтады. Ол 16 жастағы жасөспірім болып шықты.
"Бұл жайттар бойынша қылмыстық істер қозғалды", - деді ІІМ өкілі.