Қазақстанда есірткі бизнесіне қатысы бар 35 мыңнан астам банк картасы бұғатталды

Қаракөз Амантай 21 қаз. 2025 16:54

Жыл басынан бері Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы қызмет 35 мыңнан астам банк картасын бұғаттады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуаныштық Әлжанов мәлімдеді.

"Жыл басынан бері 26 мың интернет-ресурс анықталып, бұғаттауға жолданды. Есірткі бизнесінде пайдаланылған 35 мыңнан астам карт-шот бұғатталды, олардың есебінде 2,5 млрд теңге көлемінде қаражат тоқтатылды. Бұл бағытта біз цифрлық платформалар мен ІТ-компаниялармен өзара іс-қимылды жалғастырып келеміз. Аноним абоненттер анықталуда. 750 адам, соның ішінде 32 әкімші ұсталды", – деді ол.

ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері есірткі айналымы саласындағы 16 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленген.

«Олардың үшеуі трансұлттық сипатта болған. Барлығы 16 жетекші мен 60 белсенді қатысушы ұсталды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар 170 есірткі жарнамасы мен насихаты фактісі анықталған. Волонтерлермен бірлесе 25 мыңнан астам граффити жазбалар мен есірткі сайттарына сілтемелер боялып жойылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар