Қазақстанда ұялы байланыс тарифтері 2026 жылы 15–20% қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сала өкілдерінің айтуынша, бағаның өсуіне қосылған құн салығының (ҚҚС) ұлғаюы және трафик көлемінің артуы негізгі себеп болмақ.
"Келесі жылы бізді елеулі өзгеріс күтіп тұр, яғни ҚҚС мөлшерлемесі өседі. Бұл салаға шамамен 35–40 млрд теңге көлемінде әсер етеді. Сондықтан қаңтар айында тарифтерді өзгерту жоспарда бар. Биыл баға тағы қымбаттайды деп күтуге негіз жоқ. Тарифтер шамамен 15–20 пайызға өседі деп ойлаймын", - Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадин
Tele2/Altel компаниясының басқарма төрағасы Александр Бабичев те тарифтерді қайта қарау мәселесін жоққа шығармады. Оның сөзінше, баға түзетулеріне салық жүктемесімен қатар трафиктің артуы және валюталық ауытқулар әсер етуде.
"15–20% — бұл біз бағдар етіп отырған деңгей. Біз валютаның өзгеруін және байланыс сапасын тұрақты ұстау үшін қажет инвестиция көлемін де ескеріп отырмыз", - деді ол.
Ал Kcell компаниясының басқарма төрағасы әрі бас атқарушы директоры Асқар Жамбакин қазіргі уақытта тарифтік өзгерістер бойынша есептеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.