Бағанашылдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері бейнеүндеу жариялады

Сағыныш Сардарова 11 шіл. 2025 17:53

Алматыдағы №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшуге қарсы екенін білдіріп, бейнеүндеу жариялады,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Олардың айтуынша, бұған дейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен, Білім басқармасының өкілдерімен және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен кездесу өткен. Сол кезде шенеуніктер мекеменің көшірілмейтініне уәде берген.

"Балалар үйі сол орнында қалады деген болатын. Бірақ үш ай өтті, тағы да көшіру туралы әңгіме басталып кетті. Тіпті балалар үйін Қонаевқа көшіру туралы бұйрық шыққанын көрдік. Неліктен? Бұл қандай шешім? Шенеуніктер, әкімдер, жауапты тұлғалар, балаларды жайына қалдырыңыздар", – деді тәрбиеленушілер өз үндеуінде.

Сонымен қатар олар Қонаев қаласындағы жаңа ғимараттың маңында сапалы медициналық мекемелердің жоқ екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

"Біз бүкіл балалар үйінің атынан заманауи, отбасылық үлгідегі мекеме сұраймыз. Біз бай адамдар сияқты көп нәрсе талап етіп отырған жоқпыз", – делінген үндеуде.

Айта кетейік, Алматыдағы Бостандық ауданындағы Бағанашыл шағынауданында орналасқан №1 облыстық балалар үйіне қатысты тағы да дау шықты. Биыл наурызда осы мекеменің тәрбиеленушілері өздерін Алматыдан Қонаев қаласына көшірмек болған биліктің шешіміне қарсылық танытқан еді. Қоғам белсенділері болса, "әкімдік балалар үйі орналасқан бағалы жер телімін құрылыс компанияларының біріне беріп, оның орнына тұрғын үй кешенін салғысы келеді" деп дабыл қаққан болатын.

Жағдай қоғамдық наразылыққа ұласқан соң Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы мәлімдеме жасап, "Алматыда оқып жатқан балалардың орнынан қозғалмайтынын, себебі бұл олардың бейімделуі мен қоғамға араласуына кері әсер ететінін" айтқан.

Оның сөзінше, балалардың өздері де Алматыдан кеткісі келмейтінін жеткізген. Әкімдік тіпті бұл шешімді қабылдау кезінде тәрбиеленушілердің пікірін басты назарға алғанын баса айтқан еді. Осылайша облыс әкімдігі бастапқы ұстанымынан шегініп, балалар үйі бұрынғы орнында қалады, ал Қонаев қаласында тек жаңадан  балаларды қабылдайтын орталық ашылады деген мәлімдеме жасаған.

Алайда үш ай өтпей жатып, депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде тосын құжат жариялады. 2025 жылы 10 шілдеді Алматы облысының білім басқармасы "Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталықтың мекенжайын өзгерту туралы" бұйрық шығарған екен. Яғни балалар үйінің бұрынғы орнынан Қонаевқа көшу мәселесі қайтадан күн тәртібіне шыққан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар