"Шаш ал десе, бас алады". Танымал продюсер Айсәуле Әбілда түсірілім кезіндегі полицияның әрекетіне күйінді

Сағыныш Сардарова 21 қаз. 2025 16:40

Алаш зиялылары туралы ірі жобалар түсірген продюсер Айсәуле Әбілда әлеуметтік желіде Алматы полициясының әрекетіне күйінді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Танымал продюсер оқиғаның мән-жайын әлеуметтік желіде түсіндірді. Оның сөзінше, 5 қазанда Алматы қаласында түсірілім жұмыстары өткен.

"Сахнаның сценарийдегі уақыты - 2004 жыл. 3 көлікке сол жылдардағы нөмірді салып, әл-Фараби-Достық көшелерінің қиылысында бұрылып бара жатқан жерінен көліктерді полиция тоқтатады. Кино түсіруге рұқсатымызды сұрап, біз Алматы қалалық Полиция департаментінен алған назарға алынды деген шаблонды жауабы бар хатымызды көрсетеміз. Алматы қалалық мәдениет басқармасынан алған рұқсатымыз да бар. Соның бәрін қарап, біздің ештеңе бүлдіре қоймағанымызды білсе де, қырағы полицейлер түр жасап, ауыр қылмыскерлерді әшкере қылғандай қуана-қуана протокол толтырды. Сондағы уәждері бұл Әкімшілік құқы бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-пунктіне сәйкес деген заңды бұзып тұр екенбіз.

Алайда бұл жалған нөмірді ешкім қасақана тақпағанын, 60 адам ыстық пен суықта күн-түн демей кино түсіріп жүргенімізді, ол үшін мемлекеттік органдарды ескерткенімізді есепке де алған жоқ", - деп ашынды ол.

Айсәуле Әбілданың айтуынша, осылайша көлік айдап, күнін көріп жүрген жігіттерді полиция бір тәулікке қамаған.

"Ертесіне болған сотқа мені қатыстырмай, ештеңе түсіндіруге мүмкіндік берместен, сот хаттамасына бұл жігіттер көлікке жалған нөмірді қылмыс жасау үшін әдейі жабыстырғандай толтырып тастап, көліктің бәрін 1 күнге айып тұрағына тоғытып, жүргізушілерді 1 күнге қамады. Сол жағдай үшін жүргізушілерге біз ертесіне 2 240 000 теңге сыйақы төлеп бердік", - деді продюсер.

Десе де, оның сөзінше, енді сол үш көлік жүргізушісінің отбасы нәпақасыз қалып отыр. Ал жүргізушілер 1 жыл көлік айдай алмайтындықтан 6 млн теңге сұраған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар