Ақтөбеде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Ақтоты Жапатова 21 қаз. 2025 14:45

Ақтөбе қаласының мансап орталығы филиалының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жәрмеңкеге түрлі сала бойынша 15 мекеме мен кәсіпорын сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жұмыс берушілердің арасында «Дина маркет» ЖШС, «Әйгерім» клиникасы, «Ақжан» ЖК, «Жби-25» ЖШС, «Азия мұнай сервис» ЖШС, «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, балабақшалар, т.б. болды. Негізінен, түрлі мақсаттағы жұмысшы, жүргізуші, аспаз, еден жуушы, тәрбиеші, педагог-ұйымдастырушы, медбике, фельдшер, есепші, т.б. мамандар жұмысқа шақырылды.

Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келгендер қатары да көп болды, олардың арасында орта жастағыларбасымырақ секілді көрінді, зейнет жасына жақындаған жандар да бар. Өзіне қажетті мәліметтердімекеменің қызметкерінен анықтап алған соң, жұмысқа орналасуға құжаттарын тапсыру үшін асығыс шыға жөнелгендер де болды. Ер-азаматтар жағы түрлі мақсаттағы жұмысшы керек деген ақпараттың тұсына көбірек аялдаса, қыз-келіншектердің бірқатары жұмыс берушілермен еден жуушы, ыдыс жуушы болып орналасу жайын сөйлесіп жатты. Бұл жәрмеңкеге келгендер арасында нақты бір мамандық алмаған жандардың аз емес екенін көрсетті.

— Жыл басынан бері осындай 10 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 237 адамды жұмысқа орналастырудың сәті түсті. Сонымен қатар еңбек биржасы порталына да бос жұмыс орны туралы мәліметтер жарияланады. Бүгінде порталда біздің облыстан тіркелген бос жұмыс орындарының саны — 1556, — деді мансап орталығы филиалының маманы Валентина Отарбаева.

Ұйымдастырушылар жәрмеңкеге келіп, бірақ жұмысқа орналаса алмаған жандар арасында сауалнама жүргізді. Алынған мәліметтердің болашақта оларды жұмысқа орналастыруға септігі тиюі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар