Оңай олжаға кенелем деп ойлағандар миллиондап қаражат салғандарын айтады. Ол аздай, басындағы пәтерін, астындағы көлігін сол күдікті қаржылық мекемеге ұстата салғандар да жетеді. Жеме-жемге келгенде не еселеп қайтқан ақша жоқ, иә, уйдені үйіп-төккен басшы жоқ, салымшылар сенделіп жүр. Алданып қалғандардың ақшасын кім қайтарады?
Сеңдей соғылысқан адамдар өздерін өңірге танымал қаржылық ұйымның салымшыларымыз дейді. Камераға сөйлеуге құлықсыз. Дегенмен қалталарындағы ақшасын еселеп көбейту үшін берген. Әркім әртүрлі сома салыпты.
300 мыңнан бастап 5-6 млн теңгенің көлігін өткізгендер де бар екен.
Салымшылардың айуынша, ұйым қаражаттан бөлек, көлік, пәтерді де қабылдаған. Айына үстіндегі 30 пайызын беріп тұруға келісіпті. Кейін оны 40 пайызға дейін көтерді дейді. Алайда, пайдаға қарық болдым дегендерден гөрі, жер сипап қалғандар көп жиналғандардың арасында. Кеңсеге баса-көктеп кіріп барған салымшылар бұрышта тұрған сейфке жармасты. Полицейлердің тәртіпке шақырғанына қарамастан, көтеріп алып, сыртқа алып шықпақшы болды.
Аузы күйген салымшылардің кейбірі кеңсенің ішіндегі көп құжаттың арасынан өздерінің келісім-шарттарын іздеп, шарқ ұрды. Ал біреулері қалайда сейфті ашу керек деп жатты.
Бұл ұйым қаржылық пирамида ма, жоқ па, оны әзір айта алмаймыз дейді, полицейлер. Әуелі басшылары туралы мәліметтерді анықтап, кейін жауап алатындарын мәлімдеді.
Халықты қарық қыламыз деп, тақырға отырғызып кеткен қаржылық мекеме жалғыз бұл емес. Бұған дейін ақтөбелік полицейлер тағы бір қаржылық ұйымның басшыларын қамауға алған болатын. Алданып, жер сипап қалған салымшылардың саны 15 мыңға жеткен. Олар 300 мыңнан 5 млн теңгеге дейін қаражат салғаны белгілі болды.
https://www.youtube.com/watch?v=u_U0l9HAv-M