Естеріңізде болса, осы жылы наурыз айының ортасында Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде күрес түрлерінен Азия елдері арасындағы Рио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынған болатын. Сонда Әлнұр бастап келген қытай спортшылары грек-рим күресінен Рио Олимпиадасына 3 жолдама жеңіп алған еді. Осыдан-ақ, қазақ азаматының қытай балуандарына қаншалықты еңбек сіңіріп жүргенін бағамдай беруге болады. Елордамызда өткен лицензиялық бәсекеде Қазақстан грек-рим күресінен жалғыз-ақ жолдамаға қол жеткізді.
Бүгін сол қытай балуандарын баптап, спорт әлеміне өз үлесін қосып жүрген Әлнұр Төргеұлын Астанаға келіп, қыдырып жүргенін естіп, арнайы жолығып сұхбаттасып қайтқан едік. Әңгіменің әлқиссасын Олимпиада ойындарынан бастады.
[caption id="attachment_17432" align="alignright" width="415"] Әлнұр Төргеұлы[/caption]
- Әлем назары Риоға ауатын күн жақындап қалды. Бәріміз де осы доданы асыға күтіп жүрміз. Бұл Олимпиада деген жай біріншілік емес. Төрткүл дүниенің теңдессіз мықтылары бас қосатын, жан беріп, жан алысатын, өліспей беріспейтін, тек қана жүлде үшін күресетін дода. Қай елдің спортшысы көп медаль жинаса, сол елдің мерейі артады. Жүздеген ел сәт сайын қай ел қанша медаль алып жатыр соны санап отырады. Бұрын аттары атала бермейтін елдердің аттары осы Олимпиада ойындары кезінде жиі аталады. Жалпы спорт - елдің беделін арттыратын, атын әлемге танытатын үлкен мүмкіндік. Сондықтан әр ел өзінің спортшыларына ауыр міндет артады.
- Бүгінгі таңда Қытай спорты бұрын-соңды болмаған деңгейде дамып кетті. Осының құпясымен бөлісе отырсаңыз...
- Өнімді еңбек бар жерде жемісті нәтиже болады. Қытайлар өте еңбекқор. Күніне 10-15 сағат жаттығуға салсаң да төзуге бар. Осындай еңбектің арқасында қытай спортында ілгерлеушілік пайда болды. Қай ел болсын еңбектенсе, тер төгілсе, соның өтеуі болады. Қытай Олимпиада ойындарына спорттың барлық түрінен қатысады. Көп жағдайда жеңіл спорт түрлерінен медальдар жияды. Ал, қазақтардың ұлттық спорт түрлеріне айналып кеткен бокс, күрес түрлерінен Қытайдың деңгейі өте нашар. ҚХР-да әлі бірде-бір балуан күрес түрлерінен Олимпиада ойындарының жүлдесіне іліге алмай келеді.
- Соңғы кездері қытайдың ұлттық құрамаларынан сол жақта тұратын қандастарымызды жиі кездестіретін болдық. Осы жылы наурызда Астанада өткен күрес түрлерінен Азия елдері арасындағы Рио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынған бәсекеде Ерланбек Кәтейұлы деген бауырымыз еркін күрестен Риоға жолдама жеңіп алды...
- Иә, Ерланбек бауырымыз қазір өз салмағында Қытайдағы балуандар арасында ешкімге дес бермей жүрген азамат. Ол еркін күресте. Ал мен грек-рим күресіндемін. Бірақ, көптеген жаттығуларда бірге боламыз. Бірге жүреміз, жақын араласамыз. мені өз ағасындай сыйлайды. Сондықтан мен де оған өз бауырымдай қараймын. Қашанда тілекші боламын. Биыл Алла сәтін салып, бірінші Олимпиадасына бара жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын да Лондонға жолдамалар сарапқа салынған турнирде Астанада Ақжүрек Таңатаров деген балуанға ұтылып, жолы болмаған. Осы жолы жақсы дайындықпен келді. Мақсаты Олимпиада жолдамасы болатын, дегеніне жетті. Енді Риода бағы жанса екен деп тілеймін.
- Қытай атынан қатысатын Ерланбектен басқа қазақ спортшыларынан кімдер бар?
- Ерланбек - Қытайдағы қандастарыңыздан Риоға бара жатқан жалғыз спортшы. Төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарына бір жарым миллиард қытай арасынан бір қазақ баласының шығуы бұл оңай жетістік емес. Бұрын КСРО кезінде қазақ спортшылары Олимпиадаға қатысу былай тұрсын, ұлттық құрамаға іліге алмайтын кездер болды ғой. Қытайда да тура сол сияқты. Ондағы аз ұлттар үшін қытайдың ұлттық құрамасына ілігіп, талай сыннан өтіп, сол елдің атынан Олимпиадаға жолдама ұтып алу жеке спортшы үшін Олимпиаданы ұтып алумен тең деп айтуға болады.
- Ерланбектен басқа Қытайдың ішкі біріншіліктерінде топ жарып, Олимпиадаға іріктеу сындарында жолы болмаған бауырларымыз болды ма?
- Қытайдың ішкі біріншіліктерінде жақсы өнер көрсетіп жүрген қазақ спортшылар жеткілікті. Бәрінің бір ғана арманы - Олимпиадаға бару. Бірақ ол арманның бәрі ойлағанындай бола бермейді ғой. Сол үшін әр төрт жыл сайын қытайдан бір қазақ баласы Олимпиадаға бару мүмкіндігіне қол жеткізіп жатса, соның өзі біз үшін үлкен ерлік. Бірақ, 2004 жылы Афины олимпиадасында қытай атынан екі қазақ баласы Олимпиадаға бардық. Болашақта бір емес, екі-үштен апаратын мүмкіндіктер болады деген үміттемін. Себебі, жастардан жақсы өнер көрсетіп жүрген спортшылар өте көп.
- Ерланбек қытай қазақтары арасынан Олимпиадаға бара жатқан нешінші қазақ баласы?
- Үшінші қазақ баласы. Ондағы қазақтар Олимпиадаға 2004 жылы бара бастадық. Афины олимпиадасында боксшы бауырларыңыз Қанат Ислам екеуміз барып қатыстық. Алайда екеуміздің де жолымыз болмады. Екеуміз де жарысты ерте аяқтадық. Бірақ, мен Қанаттан бұрын кілемге шықтым. Сол үшін қытай қазақтары арасында тұңғыш олимпиадаға қатысқан қазақ болып қалдым. 2008 жылы Бейжің олимпиадасына Қанат тағы қатысты. Онда ол қола жүлдені жеңіп алғанын жақсы білесіздер. Ал мен Афиныдан келгеннен кейін бапкерлік жағына ауысып кеттім. Лондонда ешкім барған жоқ. Биыл Қытайдағы қазақтар атынан үшінші қазақ болып Ерланбек бауырларыңыз Олимпиадада өнер көрсетеді.
- Қалай ойлайсыз, Ерланбектің Риода медаль алуға мүмкіндігі бар ма?
- Оны уақыт көрсетеді. Қазір болжам жасаудың қажеті жоқ. Бірақ, қанымыз бір, қайда жүрсек те қазақтың абыройы артып, мерейі тасып жатқанға не жетсін. Қытай атынан сынға түсетін Ерланбек бауырыма да, қазақ елінің намысын қорғайтын бұл жақтағы отандастарыма да тек сәттілік жолдас болсын деп тілеймін.
"Қазақпарат"
Күнсұлтан Отарбай.