Алматыдағы №224 мектепте тіл мәселесіне қатысты дау шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Даудың басы
Бұл мәселе туралы әлеуметтік желіде журналист Диас Нұрақын жазды. Оның сөзінше, ата-аналар балалары оқитын мектептің қазақ тілінде болуын сұрап отыр.
"Алматыдағы №224 мектептің аралас тілде білім беруін өзіміздің қазақтар талап етіп отыр екен ғой. Ал бүгін таза қазақтар жиналып тек қазақ мектебі болсын деп жатыр", - деді ол.
Бұл жайт әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам наразылығын тудырды.
Биыл қыркүйекте 2500 оқушы орнына арналған №224 және №221 мектептер "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген. "Жайлы мектеп" деп бастау алған жоба қазір Оқу-ағарту министрінің ұсынысымен "Келешек мектептері" деп аталып келеді.
Ал бұл мектептер ашылған кезде министрлік "Қазақстандағы ең үлкен екі мектеп Алматыда салынды", - деп сүйінші сұраған екен. Десе де артынан осындай дау шығып отыр.
Министрліктің ұстанымы
Оқу-ағарту министрлігі жаңа мектептегі дауға қатысты Dalanews.kz сауалына былай деп жауап қатты:
"Оқыту тілі жергілікті атқарушы органдардың шешімімен белгіленеді. Оған сол жердегі мектеп жасындағы балалар саны және ата-аналардың сұранысы негіз болады".
Ал Алматы қаласы Білім басқармасы сауалымызға әзірге жауап бермеді.
Айта кетейік, бұл Алматыдағы бірінші жағдай емес. Биыл қыркүйекте де дәл осындай дау шығып, белсенділер талабынан кейін Алматыдағы №215 мектеп қазақ тілінде оқытатын болды.