Алматыда бір топ адам жаңа мектептің қазақ тілінде оқытуын талап етті. Қалалық Білім басқармасы жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әкімдіктің пікірі
Алматы қаласы Білім басқармасы редакция сауалына жауап берді.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес мемлекеттік тіл - қазақ тілі, бұл ретте мемлекеттік ұйымдарда орыс тілі тең пайдаланылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерiн үйрену үшін жағдайларды қамтамасыз етедi. Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңының 9 және 11-баптарына және "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы "Заңының 16-бабына сәйкес білім беру ұйымдарында оқу тілін халықтың қажеттілігін, ауданның демографиялық ерекшеліктерін, кадрлық және материалдық-техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, құрылтайшы (жергілікті атқарушы орган) белгілейді. Әрбір білім беру ұйымы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес қазақ тілін мемлекеттік, орыс және бір шет тілі ретінде оқытуды қамтамасыз етуге міндетті. Ата-аналар (заңды өкілдер) білім беру процесі тиісті оқыту тілінде жүргізілетін мектепті таңдау арқылы оқыту тілін таңдау құқығын іске асырады", - деп жазылған жауапта.
Мән-жайы
Бұл мәселе туралы әлеуметтік желіде журналист Диас Нұрақын жазды. Оның сөзінше, ата-аналар балалары оқитын мектептің қазақ тілінде болуын сұрап отыр.
"Алматыдағы №224 мектептің аралас тілде білім беруін өзіміздің қазақтар талап етіп отыр екен ғой. Ал бүгін таза қазақтар жиналып тек қазақ мектебі болсын деп жатыр", - деді ол.
Бұл жайт әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам наразылығын тудырды.
Биыл қыркүйекте 2500 оқушы орнына арналған №224 және №221 мектептер "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген. "Жайлы мектеп" деп бастау алған жоба қазір Оқу-ағарту министрінің ұсынысымен "Келешек мектептері" деп аталып келеді.
Ал бұл мектептер ашылған кезде министрлік "Қазақстандағы ең үлкен екі мектеп Алматыда салынды", - деп сүйінші сұраған екен. Десе де артынан осындай дау шығып отыр.