Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Екпінді ауылында нөсер жауын салдарынан Ақмешіт өзені арқылы өтетін екі жаяу жүргіншілер көпірі қирады. Салдарынан өзеннің арғы бетінде қалған тұрғындар өздігінен өте алмаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ішкі істер министрлігі мәліметінше, оқиға орнына алғашқылардың бірі болып полиция қызметкерлері жеткен. Олар жағдайды бақылауға алып, қауіпсіздікті қамтамасыз еткен. Кейін жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары арнайы техникамен эвакуация ұйымдастырған.
Қауіпсіз жерге 78 адам көшірілді, олардың 28-і - балалар. Полицейлер тұрғындарға көмектесіп, кейбірін қолдарына көтеріп өткізген.
Эвакуацияланғандар тұрғылықты жерлеріне жеткізілді. Қазір полиция қоғамдық тәртіпті бақылап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Еске салайық, 1 мамырға қараған түні Ақмешіт ауылындағы туристік аймақта демалыс және пикник аумағын байланыстырып тұрған екі көпірді су шайып кеткен еді.
