Астанадағы стоматологиялық орталықтардың бірінде 20 жастағы қала тұрғыны қайтыс болды. Бұл ақпаратты Полиция департаменті растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
"Астана қаласындағы стоматологиялық орталықтардың бірінде 20 жастағы тұрғын қайтыс болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде жігіт стоматологиялық клиникада көз жұмғаны туралы ақпарат тараған еді.
Желіде жарияланған мәліметке сүйенсек, дәрігер науқасқа аллергиялық сынама жасамай дәрі еккен. Осыдан кейін жігіттің денесі құрысып, жағдайы күрт нашарлаған. Соған қарамастан, оған препарат қайта салынғаны айтылды. Кейін ол қайтыс болған.
Жазбада инъекцияны тәжірибеден өтіп жүрген маман жасағаны, ал стоматолог жағдайды тиісті деңгейде бақыламағаны да айтылған. Оқиға кезінде оның жанында 1993 жылы туған медбике болғаны хабарланды.
