Өскеменде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында мазмұны терең, тағылымы айқын акция өтті. Қаланың «Өскемен» аллеясында мектеп түлектері, педагогтер және өңір басшылығы бірлесіп, 2,5 мыңға жуық шырша көшетін отырғызды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өскелең ұрпақтың туған жерге деген жауапкершілігін нақты іспен дәлелдеген іс-шараға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов акцияның тәрбиелік әрі қоғамдық мәніне назар аударды.
«Бүгін біз табиғатқа жанашырлықты, туған жерге деген сүйіспеншілікті және ел болашағына деген жауапкершілікті ұштастырған маңызды іске жиналып отырмыз. Әрбір отырғызылған ағаш — туған өлкенің көркеюіне қосылған үлес», — деді аймақ басшысы.
Өңір жетекшісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазалықты қоғам мәдениетінің көрсеткіші ретінде айқындап келе жатқанын атап өтіп, жастардың бұл бағыттағы белсенділігі айрықша маңызды екенін жеткізді.
«Сіздер үшін бұл — өмірдің жаңа кезеңіне қадам басар сәт. Бүгінгі игі іс сол жолдың символына айналады. Бұл көшеттермен бірге сіздер де өсіп, ел игілігіне қызмет етесіздер», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Акцияға қатысқан түлектер үшін бұл шара тек көгалдандыру науқаны емес, өздері білім алған қалаға қалдырған із іспетті. Олардың айтуынша, ағаш отырғызу — экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жаңа өмір белесінің басталуын білдіреді.
Шара барысында әрбір көшет белгілі бір түлекке бекітіліп, оның жеке еңбегін айғақтады. Осылайша, жасыл желек қаланың сәнін арттырып қана қоймай, түлектердің өмір жолымен астасқан символдық мәнге ие болды.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы бұл акция өскелең ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастырумен қатар, өңірдегі көгалдандыру жұмыстарына да серпін беріп отыр.
