Қостанай облысында 21 жастағы жігіт іздестіріліп жатыр. Ол 26 сәуірде Алматыға жұмысқа кетіп, содан бері байланысқа шықпаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іздеу жұмыстары туралы ақпаратты "Дос" іздестіру-құтқару жасағының еріктілері жариялады. Мәліметке сүйенсек, Роман Юрцевич Қостанайдан Алматыға жұмысқа аттанған. Оның жанында Пума есімді иті де болған. Иттің мойнында алтын түсті шынжыр бауы болғаны айтылды.
Жоғалған жігіттің бойы шамамен 180 сантиметр, дене бітімі орташа, көзі көк. Оң аяғында жылан оралған бас сүйек бейнесіндегі татуировкасы бар.
Қазір оның нақты қайда екені белгісіз. Еріктілер қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды 102 нөміріне хабарласуға шақырды.