Иран АҚШ-қа 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынды

Иран АҚШ-қа 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынды
AP Photo / Francisco Seco

Иран билігі АҚШ-қа 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспар жолдап, Таяу Шығыстағы әскери қақтығысты тоқтатуға қатысты өз шарттарын ұсынды. Бұл туралы ирандық Fars және Tasnim агенттіктері хабарлады. Құжатта Тегеран Вашингтонның бұған дейін ұсынған 9 тармақтан тұратын ұсынысына жауап бергені айтылған, деп жазады dalanews.kz.

Иран тарапы алдағы екі айда атысты тоқтату жөніндегі ұсынысқа келіспей, барлық мәселелерді бір ай ішінде түбегейлі шешу қажет екенін жеткізген.

Иранның жоспарына сәйкес, АҚШ тарапынан соғыс бастамауға кепілдік беру, шекара маңындағы аймақтардан әскерді толық шығару, теңіз блокадасын алып тастау мен бұғатталған ирандық активтерді босату талап етіледі. Сондай-ақ Тегеран соғыс салдары үшін өтемақы төлеуді, санкцияларды жоюды және өңірдегі, соның ішінде Ливанға жасалатын шабуылдарды тоқтатуды талап етіп отыр.

Сонымен қатар Ормуз бұғазының жұмыс істеуіне қатысты жаңа механизм енгізу ұсынылған.

Дональд Трамп бұл ұсынысқа қатысты пікір білдіріп, оның өзіне ұнамауы мүмкін екенін айтқан. Ол Иранның бұрынғы әрекеттеріне байланысты мұндай шарттарды қабылдау қиын екенін жеткізді.

Айта кетейік, АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жасаған соққыларынан кейін қақтығыс басталған. Кейін өзара шабуылдар мен өңірлік шиеленіс күшейіп, уақытша атысты тоқтату режимі енгізілгенімен, толық келісімге әлі қол жеткізілген жоқ.