Алматыда адам ұрлап, өлтіруге қатысы бар күдіктілер ұсталды

Ақтоты Жапатова 17 шіл. 2025 17:00

Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қалалық Полиция департаментінің бірлескен арнайы операциясы барысында ауыр қылмысқа қатысы бар екі адам ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, бұл азаматтар 2025 жылдың мамыр айында Өскемен тұрғынын ұрлап, өлтіру ісіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Күдіктілер 2025 жылдың маусым айынан бері іздеуде жүрген.

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, ұсталғандар қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот олардың екеуіне де екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Сонымен қатар, іздеудегі тұлғаларды әдейі жасырған Алматы тұрғынына қатысты да қылмыстық жауапкершілік мәселесі қарастырылып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар