Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

Dalanews 11 сәу. 2026 19:32

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мирзиёевке қонақжайлықпен қарсы алып, бүгінгі бейресми кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz

– Шын мәнінде, қазіргі геосаяси құбылмалы жағдайды ескерсек, бұл сапарымды өте маңызды деп айтсақ, қате болмас. Өзбек елі – Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес. Біз осы сапар барысында өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасамыз. Күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынасымыз бойынша бірқатар аса маңызды мәселе бар. Алайда біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік я болмаса кедергі жоқ. Қол қойылған жобалар, жоспарлар бірте-бірте орындалуда. Біздің Үкімет барлық келісімдерді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр. Менің бақылауыммен тиісті жұмысты атқарып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 2,5 мың жылдан аса тарихы бар киелі Бұхара шаһары әлемдік тарихи-мәдени мұраның ажырамас бөлігі саналатынын атап өтті.

– Бұхара – Шығыстың орта ғасырлардағы рухани әрі зияткерлік орталықтарының бірі. Бұл көне шаһар мен қазақ халқының арасында белгілі-белгісіз байланыстар көп. Қазақтың әйгілі ойшылы Мәшһүр Жүсіп Бұхарада ілім жиған. Ғасырлар бойы қазақтың көптеген зиялылары Бұхарада білім алып, жергілікті медреселерде оқыған. Мұнда адамзаттың өркендеуіне айрықша әсер еткен кезеңдер мен ұлы өркениеттің тынысын сезінесіз. Бүгінде Бұхара өзінің мыңжылдық дәстүрі мен Жаңа Өзбекстанның қарқынды дамуын үйлестіріп отыр. Қазіргі Бұхараны тамашалап, барлық ғимаратқа жаппай ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілгеніне куә болдық. Бұл – өте үлкен істің нәтижесі, ең бастысы, ұлы тарихи мұраға мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент тарихи тығыз байланыстар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шынайы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың мызғымас іргетасы екенін еске салды.

– Екіжақты қарым-қатынасымыздың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілуіне, құрметті Шавкат Миромонович, Сіздің қосқан үлесіңіз зор. Қазақстан ең жақын көрші әрі одақтас ел ретінде Сіздің парасатты басшылығыңызбен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерді толық қолдайды. Өзіңіз белгілеген стратегиялық бағдар арқылы халқыңыздың әл-ауқаты ұдайы жақсарып, ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Бұл жетекші қаржы институттарының рейтингінде оң бағаланып, еліңіздің халықаралық аренадағы беделі артып келеді. Сіздің ұлттық мүддені көздейтін дәйекті саясатыңыз Өзбекстанның, сондай-ақ тұтас аймақтың одан әрі өсіп-өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанда жаңа Конституция қабылдануына байланысты Өзбекстан көшбасшысының құттықтау жолдағанына алғыс айтты. Президент осы тарихи оқиға кезінде шет мемлекеттер басшылары арасынан Шавкат Мирзиёев алғашқы болып құттықтағанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентінің «Таза ауа» бастамасына қолдау білдіріп, бұл жоба Қазақстанның ірі қалалары үшін де өзекті екеніне тоқталды.

– Сіздің таза ауаға қатысты бастамаңызды құптаймын. Ташкенттегі экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіруіңізді түсінемін. Біздің Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі. Өкінішке қарай, Алматы әлемдегі ауасы ластанған ірі қалалар қатарында тұр. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдау қажет. Егер Сіз қарсы болмасаңыз, «Таза ауа» бастамасын бірлесіп іске асыруды ұсынамыз. Президенттер ұйытқы болған бұл жобаны үкіметтеріміз жүзеге асырады. Жұртшылық пен халықаралық қоғамдастық мұны қуаттайды деп санаймын. Шын мәнінде, бұл бастама аясында көп іс атқаруға болады. Осы арқылы жергілікті билік пен кәсіпкерлер экологияны қорғауда, табиғатты аялауда жауапкершілік жүгін жете сезінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзбекстан Президенті Бұхарадағы бүгінгі жүздесудің екі ел арасындағы сан қырлы байланыстарды кеңейтуде маңызы зор деп пайымдайды.

– Сіздің бұл сапарыңыз ғасырлардан тамыр тартатын қос халық арасындағы достықты, тығыз бауырластықты көрсетеді, сондай-ақ стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастың ұдайы нығайып келе жатқанына дәлел. Ашық әрі риясыз келіссөздер ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге, өңірдегі өзара ықпалдастық аясын одан әрі кеңейтуге негіз болатынына сенімдімін, – деді Шавкат Мирзиёев.

Ол өзбек халқының ең жақын көрші және одақтас ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы тиімді реформаларына шынайы қолдау білдіретінін жеткізді.

– Әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, еліңіздің экономика көлемі 300 миллиард доллардан асты. Шикізаттық емес сектор жанданып, ішкі жалпы өнімде шағын және орта кәсіпкерліктің үлес салмағы 40 пайызға жуықтады. Сіз мемлекетті цифрландыру ісіне ерекше мән бересіз. Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Еліңіздің жаһандық кеңістіктегі абыройы артып келеді. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының мүддесіне негізделген көпвекторлы сыртқы саясат табысты жүзеге асырылып жатыр. Сіз көтерген халықаралық бастамалар кеңінен қолдау тауып отыр. Бұл Сіздің аймақтық және әлемдік проблемаларды шешу ісіндегі көрнекті саяси қайраткер екеніңізді көрсетеді. National Interest басылымына жарияланған мақалаңызды ерекше ықыласпен оқыдым. Қазіргі халықаралық ахуалда прагматизмнің, ашықтықтың және шынайылықтың рөлі артты деген ойыңызбен толық келісемін. Экономикалық жаңғыру мәселесіне терең үңілетініңізді атап өткім келеді. Инвестиция мен орнықты даму реформаларын ұштастыруды жекелеген бастама ретінде қарастырмай, тұтас стратегияға айналдырдыңыз. Мұны ерекше бағалаймын. Біз Сіздің бауырлас халықтар арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға қосқан үлесіңізді айрықша қадірлейміз, – деді Өзбекстан Президенті.

Кездесуде тараптар экономикалық серіктестікті кеңейту жөніндегі стратегиялық бағытты ұстанатынын растады. Сауда мен өндіріс салаларында нақты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін екі ел үкіметтерінің ықпалдастығын арттыру туралы келісім жасалды. Іскер ортаны жүйелі түрде қолдау мен ынталандырудың маңызы атап өтілді.

Мемлекеттер басшылары сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу, көлік-транзит, су-энергетика салалары және ІТ секторындағы ықпалдастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мен туризмді дамыту ісіне айрықша мән берілді.

Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер екі ел үкіметтері арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі жол картасын қабылдауға уағдаласты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove