Алматы облысы әкімінің жаңа орынбасары жайлы не белгілі?

Ақтоты Жапатова 06 қаз. 2025 13:43

Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Ғани Майлыбаев бұған дейін Алматы қаласының Мәдениет басқармасын басқарды. Оның жетекшілігі кезеңінде мегаполистің мәдени өмірінде ауқымды өзгерістер жүзеге асты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның бастамасымен қалалық кітапханалардың 97%-ы модернизациядан өтіп, 24/7 форматында жұмыс істей бастады. Кітапханаларда автоматтандыру жүйесі енгізіліп, материалдық-техникалық база толық жаңартылды.

Музей ісі де жаңа серпін алды. Музей қорларының 90%-ы цифрландырылып, Сәбит Мұқанов пен Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейлері жаңартылды. Райымбек батырдың мемориалдық музей кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Алматы музейлерінің жұмысы ТҮРКСОЙ тарапынан «Үздік» деп танылып, шетелдің жетекші музейлерімен ынтымақтастық орнады.

Майлыбаев басқарған кезеңде Алматының мәдени өмірі халықаралық деңгейге көтерілді. Қалада Jennifer Lopez, 50 Cent, Lara Fabian, Tarkan сияқты әлемдік жұлдыздардың концерттері өтті. Цирк пен Қуыршақ театры халықаралық фестивальдерді қайта жандандырып, отандық артистер шет елдерде жүлделі орындарға ие болды.

Сондай-ақ, ол мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше назар аударды. Соңғы жылдары 300-ден астам маман шетелдік мәдени орталықтарда тағылымдамадан өтті.

Жалпы, Майлыбаевтың бастамалары Алматыны мәдени туризмнің орталығына айналдыруға айтарлықтай ықпал етті.

Айта кетейік, Ғани Айдарұлы 1987 жылы дүниеге келген. 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдады. 2010 жылы осы оқу орнында «Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. 2018 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын «Аймақтық және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 2008 жылы бастаған. Әр жылдары Алматы қаласының Медеу ауданы әкімінің орынбасары, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары, сондай-ақ Жамбыл облысы туризм басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар