Түркістандағы күмәнді мемлекеттік сатып алулар: бюджет қаржысы қайда жұмсалған?

Қаракөз Амантай 11 сәу. 2026 12:13

Түркістан қаласында жүргізілген бірқатар мемлекеттік сатып алулар қоғам назарын аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Goszkupturaly парақшасының мәліметінше, қалада миллиардтаған теңгенің тендерлері “қорғалатын тұлғалардың қызметін қамтамасыз ету” деген негізбен тікелей келісім арқылы рәсімделген.

Жарияланған дерекке сәйкес, тек бір компания 20-26 наурыз аралығында жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге жететін жеті мемлекеттік сатып алу келісімшартын иеленген. Оның аясында әкімшілік-іскерлік орталықтағы жолдарды жөндеу, Конгресс-холлды қалпына келтіру, бірқатар көшені жөндеу жұмыстары қарастырылған.

“Сонымен қатар басқа мердігерлерге қала бойынша жол таңбаларын сызу, шағын сәулет нысандарын орнату, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да осы негізбен берілген. Кейбір келісімшарттардың құны 1,5 млрд теңгеге дейін жеткен”, - дейді дереккөз.

Бұдан бөлек, 120 млн теңгеден астам сомаға LED-экрандар, баннерлер мен бағдаршамдарды сырлау, 137 млн теңгеге қала субұрқақтарын жөндеу қызметтері сатып алынған. Сондай-ақ әуежайға апаратын жол бойына жарық ленталарын ілу, әуежайдағы VIP-залдарды жөндеу, аумақты абаттандыру және жиһаздарды химиялық тазалау жұмыстары да дәл осындай негізбен жүзеге асырылған.

Жазба авторлары аталған шығындардың “қорғалатын тұлғалардың қызметіне” қандай қатысы бар екеніне күмән келтіріп, бұл тәжірибенің Түркістанда жыл сайын қайталанатынын атап өтті.

Қазіргі таңда бұл жағдайдың нақты себебі белгісіз. Парақша авторлары мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдап, субұрқақтарды жөндеу, көгалдандыру мен жарық безендіру жұмыстарының қорғалатын тұлғалардың қызметіне қалай қатысты екенін анықтауға ниетті екенін мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove