Молдова Республикасының Мәдениет министрлігі елде жоспарланған кейбір концерттерді өткізуді орынсыз деп санайтынын мәлімдеді. Бұл туралы министрлік ресми хабарлама таратты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Диана Арбенина, Нұрлан Сабыров және Олег Винник қатысуы тиіс үш іс-шараны өткізу "орынсыз" деп бағаланған.
Сондай-ақ министрлік ұйымдастырушыларға әртістермен жасалған келісімшарттарды тоқтатуды ұсынған. Ресми хабарламада бұл шешім "олардың ел аумағына кіре алмау қаупінің алдын алу және соның салдарынан іс-шаралардың өтпей қалуына жол бермеу" мақсатында қабылданғаны айтылған.
Еске салайық, 30 қаңтарда Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынған. Ал ақпан айының ортасында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзілкешке қатысты тексеру шараларын бастағаны белгілі болды.
Айта кетейік, жақында Сабыровтың сәуір айының басына жоспарланған Бейжің, Гуанчжоу және Шанхай қалаларындағы концерттері өтпеуі мүмкін екені айтылған еді.
