Абай университетінде «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі» тақырыбы аясында өткен Ғылым декадасыныңсалтанатты жабылу рәсімі өтті. Ғылым қызметкерлері күніне орайластырылған ауқымды ғылыми іс-шарада онкүндік қорытындысы шығарылып, алдағы даму бағыттар айқындалды. Жиын барысында ғылым мен білім саласына үлес қосқан университет қызметкерлеріне ҚР ҒжЖБ министрлігі тарапынан марапаттар табыс етілді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Абай атындағы ҚазҰПУ-да 1-10 сәуір аралығында өткен Ғылым декадасы барысында 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында халықаралық ғылыми конференциялар, инновациялық жобалар мен стартаптар көрмесі, робототехника жарыстары, ғылыми семинарлар, пәндік олимпиадалар, сондай-ақ отандық жетекші және шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен кездесулер бар.


– Бүгін біз бәріміз үшін маңызы зор, мазмұны бай, тағылымы терең онкүндіктің қорытындысында бас қосып отырмыз. Декада барысы тек іс-шаралар жиынтығымен шектелмей, болашақ ғылымның іргетасын қалауға бағытталған жүйелі жұмысты ұсынды. Онкүндік аясында мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтуға көзделген ғылыми жобалар көрмесі, білім беру алаңдары, стартаптар мен инновациялық бастамалар ұйымдастырылды. Бұл – ғылымға бет бұрған жас буынның нақты жетістіктері. Биылғы декаданың басты ерекшелігі – цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыптарының кеңінен қамтылуы. Аталған бағыттарда мазмұнды пікір алмасулар жүргізіліп, университетіміздің уақыт талабына сай дамып келе жатқаны байқалды», – деді Болат Анапияұлы.
Декада шеңберінде филология, педагогика, психология, өнер, спорт және жаратылыстану бағыттарындағы ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізілді. Сонымен қатар жас ғалымдар мен студенттерге арналған ғылыми олимпиадалар, TED talk форматындағы байқаулар мен ғылыми-интеллектуалдық ойындар өткізілді.

Жабылу салтанатында ғылымды дамытуға елеулі үлес қосқан университет оқытушылары мен қызметкерлері марапаттармен марапатталды. Тіл саясатын дамытуға ерекше үлес қосқаны және тілдерді дамыту саласын жетілдіруге белсенді атсалысқаны үшін «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі берілді. Олардың қатарында филология ғылымдарының кандидаты, Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының аға оқытушысы Элеонора Кансейтова мен тарих ғылымдарының кандидаты, Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Бибігүл Абенова бар.
Сонымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым үздігі» құрмет дипломы, «Құрмет» грамотасы және Алғыс хаты университет ғалымдары мен оқытушы-профессорлар қауымына табысталды.