Маңғыстауда алимент төлемеген 104 борышкер жауапқа тартылды

Қаракөз Амантай 11 сәу. 2026 15:30

Маңғыстау облысында баласына алимент төлеуден жалтарған 104 борышкер жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы өңірлік прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қадағалау органының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында алимент міндеттемесін орындамаған азаматтарға қатысты бірқатар шара қабылданған. Нәтижесінде 22 адам қылмыстық жауапкершілікке, ал 82 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Прокурорлардың айтуынша, борышкерлер арасында ұзақ уақыт бойы балаларына қаржылай қолдау көрсетпей, ресми жұмысқа орналасудан жалтарған және нақты табысын жасырып келген азаматтар бар.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде балалардың пайдасына 53 миллион теңге өндіріліп, бұл қаражат тікелей олардың есепшоттарына аударылған.

Осының арқасында өңірдегі 366 кәмелетке толмаған баланың құқығы қорғалып, тиесілі қаражатын алуына мүмкіндік жасалды.

Маңғыстау облысының прокуратурасы алимент өндіру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove