Перизат Қайраттан тәркіленген элиталық тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер Астана әкімдігінің есебіне өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот үкіміне сәйкес Перизат Қайраттан бірнеше көлік пен Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold, "Көк Жайлау" тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер, сондай-ақ, тұрақ орындары тәркіленген еді.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті өкілдері өздеріне тек үш көлік тіркелгенін айтты. Себебі қолданыстағы тәртіпке сай тұрғын үйлерді есепке алуды жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдік жүргізеді.
Ведомство мәліметінше, 2015 жылғы 4 маусымдағы №404 Үкімет қаулысына сәйкес мемлекет меншігіне өткен тұрғын үйлерді есепке алу, сақтау және әрі қарай пайдалану жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.
Еске салайық, бұған дейін Перизат Қайрат орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталған болатын.
Сонымен қатар, бұған дейін "Перизат Қайрат колонияда немен айналысады?" деген сауалға ішкі істер вице-министрі Абай Қайырбеков жауап берді. Ол Перизат Қайраттың жұмысқа орналасуы оның біліктілігі мен бос орындар болуына қарай шешілетінін мәлімдеді.
Жуырда Перизат Қайрат түрме тазалап жүргенін жаздық.
