Ақмола облысында “Родина” агрофирмасының қызметкері әріптесін абайсызда көлікпен қағып, салдарынан ер адам қаза тапты. Сот марқұмның отбасына моральдық өтемақы ретінде кәсіпорыннан 500 мың теңге өндіру туралы шешім шығарды. Бұл туралы белгілі журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайғылы оқиға былтыр қыркүйекте Целиноград ауданындағы “Родина” совхозының өндірістік аумағында болған. Сол күні УАЗ көлігін сүт-тауар кешенінің басшысы Андрей Штайнпрейс тізгіндеген.
“Оның түсіндіруінше, көлікті артқа айдап келе жатқан кезде жаяу жүргіншіні байқамай қалған. Ал жәбірленуші де көлікке арқасымен тұрғандықтан қауіп төнгенін аңғармаған”, - дейді журналист.
Оқиға салдарынан кәсіпорын қызметкері Қадыбрашид Сәдуақасов ауыр жарақат алып, ауруханаға жетпей көз жұмған.
“Жол апатына кінәлі азамат сотқа тартылғанымен, жәбірленуші тараппен татуласуына байланысты 2,5 жылға шартты түрде сотталған”, - дейді Кохачков.
Марқұмның туыстары кәсіпорыннан 20 миллион теңге моральдық өтемақы талап етіп, сотқа жүгінген. Олар апат жұмыс орнында болғанын және көлік компанияға тиесілі екенін алға тартқан.
Алайда сот барысында кәсіпорын өкілдері марқұмды жерлеуге 1 миллион теңгеден астам қаражат бөлгенін, қызының оқуына 3 миллион теңге төлегенін, сондай-ақ сақтандыру төлемдері қарастырылғанын мәлімдеген.
Осыны ескерген сот талап арыз сомасын азайтып, моральдық өтемақыны 500 мың теңге көлемінде бекітті.
Айта кетейік, "Родина" агрофирмасы ірі әрі табысты кәсіпорындардың бірі саналады. Компанияның жылдық табысы миллиардтаған теңгемен есептеледі. Бұған дейін кәсіпорын басшылығы футбол клубына демеушілік жасап, әр гол үшін 1 миллион теңге сыйақы беруге дайын екенін мәлімдеген болатын.
