Атыраудағы Ломоносов атындағы мектеп мұғалімдері жергілікті билікке ашық үндеу жасап, бес жылдан бері кейінге шегеріліп келе жатқан жаңа мектеп құрылысына қатысты мәселені жеделдетуді сұрады. Мұғалімдердің бейнеүндеуін AtyrauOil әріптестері жариялаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
1936 жылы салынған білім ордасы 2022 жылы сүрілуі тиіс болған. Алайда арада бірнеше жыл өтсе де, ғимаратты бұзу да, жаңа мектеп құрылысын бастау да жүзеге аспаған.
Салдарынан мыңнан астам оқушы мен ұстаз қолайсыз жағдайда білім алып, еңбек етуге мәжбүр болып отыр.
"Мұндай жағдай білім сапасына, балалардың денсаулығына және педагогтердің жұмысына кері әсер етіп жатыр. Біз өзге ғимараттарда отырғандықтан, қаржыландыру да тоқтап тұр", – дейді ұстаздар.
Олардың айтуынша, мектепте қарапайым техниканың өзі жетіспейді, ал интерактивті тақталар туралы сөз қозғаудың өзі қиын.
Ал білім басқармасы құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуін жер телімдерін мемлекет қажетіне алу рәсімінің күрделілігімен түсіндірді.
