Астана қаласында Халықаралық волонтерлер жылына дайындық бойынша Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтті. Бұл бастама — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен тарихи шешімнің жалғасы. 2026 жыл — Тұрақты даму мақсаттарындағы Халықаралық волонтерлер жылы ретінде әлемдік деңгейде аталып өтпек. Статистикаға сүйенсек, елімізде 275 мыңнан астам белсенді волонтер, 755 волонтерлік ұйым және 2 мың бастамашыл топ жұмыс істейді. Qazvolonteer.kz онлайн платформасында 67 мыңнан астам ерікті тіркелген. Волонтерлік қызметті дамыту мақсатында 2024–2026 жылдарға арналған арнайы Жол картасы қабылданған. 2024 жылы мемлекеттік органдар волонтерлермен бірлесіп 55 жобаны іске асырып, 240 шағын грант бөлді. Нәтижесінде 42 мыңға жуық іс-шара өткізілді, 10 мың волонтер салалық бағыттар бойынша оқудан өтті. Осы орайда қоғам белсендісі, Алматы қаласы Жетісу комьюнити орталығының жетекшісі Әкежан Кеңесов және ерікті Жанель Ахметқызымен волонтерліктің қазіргі жай-күйі, болашағы және Халықаралық еріктілер жылына дайындық туралы сұхбаттасқан едік.
— Қазақстандағы қазіргі волонтерлік қызметтің даму деңгейін қалай бағалар едіңіз?
Әкежан Кеңесов: Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс соңғы онжылдықта біршама жүйеленіп, сапалық тұрғыдан дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар» деген болатын. Әсіресе 2020 жыл – Волонтер жылы деп жарияланғаннан кейін бұл салаға нақты мемлекеттік назар аударылды. Волонтерлік ұйымдар саны артты, жобалар көбейді, құқықтық және жастар орталықтары жүйеленіп, инфрақұрылымдық негіз күшейтілді.
Жанель Ахметқызы: Қазақстандағы волонтерлік қызметтің деңгейі соңғы жылдары айтарлықтай артты. Әсіресе, елімізде маңызды іс-шаралар өткен кезде оның белсенділігі айқын байқалады. Жастардың волонтерлікке деген қызығушылығы мен белсенділігі қуантады. Олар тек көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамда өз орнын тауып, жаңа тәжірибе жинап, жаңаша ортада дамып жатыр. Бұл – Қазақстандағы волонтерлік мәдениеттің жоғары деңгейде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
— Волонтерлікке қоғам тарапынан қызығушылық артып келе ме, әлде бұл көбінесе мемлекеттің ынталандыруымен жүріп жатыр ма?
Әкежан Кеңесов: Қазіргі таңда қоғам тарапынан волонтерлікке деген қызығушылық біртіндеп артып келеді. Әлеуметтік желілер мен медиа бұл қызметті насихаттауға үлкен үлес қосып жатыр. Алайда, бастапқы серпін мен жүйеленуді көбіне мемлекеттің ынталандыруы қамтамасыз еткенін мойындау керек. Ендігі міндет – бұл қозғалысты азаматтық қоғамның органикалық қажеттілігіне айналдыру.
Жанель Ахметқызы: Қазір екі бағытта да даму бар — бір жағынан, қоғамның өзі белсенді бола бастады, екінші жағынан, мемлекет те бұл саланы мықтап қолдап отыр. Бірақ қазіргі кезеңде мемлекеттің рөлі басымырақ деп айтуға болады. Қазір жастар арасында да қызығушылық жоғары, себебі жастар қазір жаңа танысу, пайдалы орта іздейді. ЖОО-ларда да волонтерлік бастамалар жиі өтіп тұрады. Әлеуметтік желілердің ықпалымен экология, жануарларды қорғау, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын беру секілді бастамалар көбейіп жатыр. Ауылдарда да белсенді топтар пайда бола бастады.
— 2016 жылғы «Волонтерлік қызмет туралы» заңның нақты нәтижесін айта аласыз ба? Ол неге ықпал етті?
Әкежан Кеңесов: Иә, 2016 шыққан «Волонтерлік қызмет туралы» заң волонтерлікті алғаш рет заңнамалық тұрғыда айқындап, оның мәртебесін нақтылады. Волонтерлік ұйымдарды тіркеу, олардың құқықтары мен міндеттерін жүйелеу, мемлекеттің қолдау тетіктерін заңдастыру – заңның басты нәтижесі. Бұл волонтерлікті көлеңкелі немесе уақытша әрекеттен ресми қоғамдық қызметке айналдырды десек те болады.
Жанель Ахметқызы: «Волонтерлік қызмет туралы» заң еріктілерге нақты заңды негіз берді деп ойлаймын. Яғни, волонтерлік қызмет ресми түрде танылып, еріктілердің де, ұйымдардың да құқықтары мен міндеттері анықталды. Бұрын бәрі тек бастама ретінде жүзеге асса, енді жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар, заң волонтерліктің қай салаларда жүргізілуі мүмкін екенін көрсетті, мәселен әлеуметтік көмек, экология, білім беру, мәдениет және спорт сияқты. Волонтерлік ұйымдар да заңды түрде құрылып, еріктілерді оқытып, бағыт-бағдар бере бастады. Мемлекет тарапынан қолдау көбейді, ол өз еркімен волонтер болуға ынтаны арттырды деп ойлаймын. Жалпы, бұл заң волонтерлікті тек қайырымдылық емес, азаматтық борыш, қоғамға көмектесу деген көзқарасты қалыптастыруға көп әсер етті.
— Қазақстандықтар волонтерлікті қай тұрғыда қабылдайды – азаматтық борыш, әлде уақытша хобби ретінде ме?
Әкежан Кеңесов: Жалпы бұл жайында қосарланған көзқарас бар деуге болады. Бір бөлігі волонтерлікті азаматтық борыш ретінде қабылдайды, әсіресе төтенше жағдайларда, қайырымдылық акцияларында. Бірақ жастар арасында бұл көбіне уақытша тәжірибе, әлеуметтік белсенділік түрі ретінде қабылданады. Дей тұрғанмен соңғы жылдары волонтер болуды азаматтық борыш ретінде қалыптастыруға аз да болсын үлес қосып жатырмыз. Әрбір өңірдегі жастар орталықтарының жетекшілері, мамандары жас волонтерларға жақсылап түсіндірер болса, оң нәтижесін береді. Жалпы бұл бағытта құндылықтық трансформация болса, артық етпейді. Айта кетерлік, қазір жастар волонтерлікті тек көмек көрсету құралы емес, өз-өзін дамыту, желі құру және тәжірибе жинақтау тәсілі ретінде қарай бастады. Бұл – оң тенденция. Сонымен қатар, жастар волонтерлік арқылы әлеуметтік әділеттілік пен экологиялық мәселелерге тікелей ықпал ету мүмкіндігін сезініп келеді.
Жанель Ахметқызы: Соңғы жылдары, әсіресе пандемия мен табиғи апаттар кезінде волонтерлікке азаматтық жауапкершілік ретінде қарайтындар көбейді. Жастар арасында елге қызмет ету, қоғамға пайдалы болу идеясы кең таралып жатыр. Бұл — азаматтық сананың өсуінің көрінісі. Дегенмен, волонтерлікке әлі де хобби немесе формалды міндет ретінде қарайтындар бар. Көптеген жастар оны портфолио жасау немесе грант ұтып алу үшін, оқу талабын орындау немесе резюме жинау мақсатында таңдайды. Әлеуметтік желіде белсенділік көрсету құралы ретінде пайдаланатындар бар. Қуантарлығы, соңғы өткен TED жобасында топ құрамы оқушылар, студенттер, ересек адамдардың басын біріктіріп, жас ерекшелігіне қарамастан, әдемі әрі ұйымдасқан болды.
— Qazvolunteer.kz платформасының тиімділігі туралы пікіріңіз қандай? Ол волонтерлер үшін шын мәнінде пайдалы ма?
Әкежан Кеңесов: Qazvolunteer.kz – волонтерлер мен ұйымдарды байланыстыратын маңызды құрал. Алайда оның тиімділігі тек техникалық платформа ретінде ғана емес, белсенділік пен мазмұнға тәуелді. Жалпы аталған платформаның пайдасы бар әрі қажет. Егер жүйелі жаңартылып отырса, мобильді қосымшасы жетілдірілсе, тиімділігі арта түсер еді.
Жанель Ахметқызы: Волонтерлік жобалардың маңызын және күнделікті өмірде олардың рөлін арттыру үшін шынымен пайдалы. Ол бір жерлен түрлі жобалар мен іс-шаралар туралы ақпарат береді, бұл жаңадан бастағандар үшін өте тиімді. Волонтерлер қатысқан іс-шараларды тіркеп, сандық портфолио жинай алады, бұл кейін жұмысқа немесе оқу орнына өтініш беруде пайдалы болуы мүмкін. Сондай-ақ, гранттар мен оқу курстары туралы ақпарат ала алады, сертификаттар мен алғыс хаттар беріледі. Әрине, кейбір кемшіліктер де бар. Платформаның интерфейсі кейде күрделі, ал аймақтарда кей жобалар аз кездеседі. Кей адамдар волонтерлікке тек сертификат алу үшін қатысады, бұл шынайы еріктіліктің мәнін әлсіретеді. Дегенмен, менің ойымша, платформа еріктілер үшін пайдалы әрі маңызды құрал. Оның тиімділігін арттыру үшін аймақтардағы жобаларды көбейтіп, интерфейсін жақсарту керек.
— Волонтерлік инфрақұрылым (фронт-кеңселер, ресурстық орталықтар) өңірлерде біркелкі дамып жатыр ма?
Әкежан Кеңесов: Жоқ, өкінішке қарай, волонтерлік инфрақұрылым барлық өңірде біркелкі дамымаған. Республикалық деңгейде белгілі бір стандарттар мен қолдау тетіктері болғанымен, олардың іске асуы аймақтарға байланысты түрліше көрініс табады. Кейбір ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда ресурстық орталықтар мүлде жоқ немесе қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді. Бұл – волонтерлікті тұрақты дамытуға кедергі келтіретін факторлардың бірі. Дегенмен, Алматы қаласының тәжірибесі — осы саладағы үздік үлгілердің бірі. Бүгінде Алматыда барлық аудан бойынша заманауи талаптарға сай «комьюнити-орталықтар» ашылған. Бұл орталықтар — жастар мен волонтерлердің бас қосатын, идеяларын жүзеге асыратын, бастамаларын іске асыратын ортаға айналып отыр. Мұндай кеңістіктерде кез келген жас шығармашылықпен айналыса алады, шағын тренинг өткізіп, әлеуметтік жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік табады. Бұл — тек инфрақұрылым емес, жастар мен қоғам белсенділерінің нақты тірек нүктесіне айналған орта. Осындай үлгідегі орталықтарды еліміздің өзге өңірлеріне тарату — стратегиялық қажеттілік.
Жанель Ахметқызы:Иә, қалаларда фронт-кеңселер мен ресурстық орталықтар көбейіп жатыр, бірақ көп адамдар біле бермейді. Жастар үшін жақсы мүмкіндік болғанымен, кей жерлерде волонтерлікке қатысу қиынырақ. Тілге тиек етерлік, ауылды жерлерде волонтерлік туралы ақпарат жетіспейді. Бірақ уақыт өте келе, әлеуметтік желілер мен түрлі шаралар арқылы бұл туралы хабардар болар деп ойлаймын.
— 2026 жылғы Халықаралық волонтерлер жылын өткізудің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы қандай?
Әкежан Кеңесов: Бұл – Қазақстанның волонтерлік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуына, волонтерлік мәдениетті жүйелеуге және жаңа серіктестіктер орнатуға үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, бұл жыл волонтерлерге нақты құрмет көрсетудің, олардың еңбегін бағалаудың, мемлекеттің стратегиялық қадамын көрсетудің символы бола алады.
Жанель Ахметқызы: Меніңше, бұл Қазақстан үшін өте маңызды. Біріншіден, бұл біздің елді халықаралық деңгейде танытатын керемет мүмкіндік. Волонтерлік тек қайырымдылық емес қой – бұл азаматтық белсенділік, жауапкершілік. Осындай жыл аясында біз еліміздегі волонтерлік қозғалысты кеңінен көрсетіп, дамыта аламыз деп есептеймін. Екіншіден, жастар үшін үлкен мотивация болады. Мен өзім сияқты көп жастардың волонтерлікке қызығып жүргенін байқаймын.. Сол себепті, осындай халықаралық бастамалар арқылы қоғамдағы еріктілердің рөлі артып, оларға деген көзқарас өзгереді деп санаймын. Үшіншіден, бұл инфрақұрылым мен қолдауды күшейтуге жақсы себеп. Яғни, тек Астана мен Алматыда ғана емес, барлық өңірлерде волонтерлік дамуы керек деп ойлаймын. Қысқаша айтсам, бұл жыл – біз үшін өзімізді көрсетуге де, қоғамды жақсы жаққа өзгертуге де тамаша мүмкіндік!
— Бұл бастама волонтерлікке тек символдық көңіл бөлумен шектеліп қалмай ма?
Әкежан Кеңесов: Мұндай қауіп бар. Егер дайындық тек іс-шаралармен ғана шектелсе, ұзақмерзімді нәтиже болмайды. Сондықтан 2026 жыл – волонтерлік инфрақұрылымды күшейту, кадр даярлау, қаржыландыру мен ынталандыру жүйесін қайта қарау кезеңіне айналуы тиіс. Символдан жүйелі жұмыс басым болса, аталған жұмыстар оң нәтижесін береді. Алматы — тек идеялар орталығы ғана емес, сонымен қатар волонтерлік пен азаматтық белсенділіктің нақты тетіктермен жұмыс істейтін орталығы. Қалада волонтерлік ұйымдарға арналған кеңселер, кездесулерге арналған коворкинг алаңдар, жастарға арналған шығармашылық, әлеуметтік бағыттағы жобаларды қолдайтын алаңдар бар. Осындай үлгідегі қолдау механизмдері Қазақстанның басқа өңірлеріне енгізілсе, 2026 жыл символдық науқан емес, «волонтерлікті өмір салтына айналдыратын тарихи кезеңге» айналар еді.
Жанель Ахметқызы:Волонтерлік жай ғана символ емес, оны қалыпты жағдайға айналдыру үшін әлі де біраз уақыт керек деп ойлаймын
— Қазақстанда волонтерлік мәдениетті орнықтыру үшін тағы қандай жүйелі шаралар қажет деп санайсыз?
Әкежан Кеңесов: Мектептен бастап волонтерлік туралы тәрбие беру, ЖОО-да волонтерлік тәжірибені оқу кредитіне айналдыру, әлеуметтік жарнама мен танымал медиа тұлғалар арқылы насихат жүргізу маңызды. Сонымен қатар, волонтерлікпен айналысатын азаматтарға әлеуметтік пакет яғни, түрлі жеңілдіктер, марапаттау жүйесінің нақты бір тетігін енгізу өзекті.
Жанель Ахметқызы: Шыны керек, шетелде волонтерлік жүйелі жүріп жатыр. Олар еріктілерді арнайы оқытады, жобаларға қатысу үшін нақты бағдарлама мен қолдау бар. Мысалы, Еуропада волонтерлікпен айналысқан адамға шетелге шығуға гранттар, тіпті жұмысқа орналасуға артықшылықтар беріледі. Бізде де да жастарға шетелдік волонтерлік жобаларға қатысуға көбірек мүмкіндік беру керек деп есептеймін. Бұл – біріншіден, үлкен тәжірибе, екіншіден, әлемді тануға жол. Сонда біз өз еліміздегі волонтерлікті басқа елдермен салыстырып, не жетіспейтінін өз көзімізбен көре аламыз. Мұндай тәжірибе бізді шабыттандырады, әрі елімізде волонтерлік мәдениетті дамытуға жаңа идеялар әкеледі. Сондықтан халықаралық жобаларға жол ашу – өте маңызды.
— Волонтерлік қызметті тұрақты түрде дамытудың басты кедергілері мен шешімдері қандай?
Әкежан Кеңесов: Менің ойымша, волонтерлік қызметтің дамуына нақты кедергілер жоқ. Себебі волонтер – бұл шынайы ниетпен, жүрек қалауымен көмектесетін жан. Егер адам бұл іспен шынымен айналысқысы келсе, ешқандай тосқауыл оған кедергі бола алмайды. Волонтерлік – ол міндет емес, ол жан-дүниенің таңдауы. Сондықтан шынайы ниет болса, даму да, тұрақтылық та өздігінен келеді.
Жанель Ахметқызы: Волонтерлік қызметті дамытуға кедергі бар деп айта алмаймын. Керісінше, мүмкіндік мол – платформалар да, жобалар да бар. Мысалы, Qazvolunteer.kz сияқты сайттар арқылы кез келген адам өзіне лайықты волонтерлік іс таба алады. Менің ойымша, бастысы – адамның өзі ниеттенсе болды. Қоғамда да, мемлекет тарапынан да қолдау бар. Тек кейде жастар өз мүмкіндігін білмей жүреді, соны көбірек насихаттау керек шығар. Еріктілік – еріккеннің ісі емес, жүрек қалауы болуы тиіс. Шын қызықсаң, бәріне жол табылады.
Сұхбаттасқан Жанна Жомарт