Жетісу облысында мектеп қызметкерінен туберкулез анықталды: Ата-аналар карантин енгізілмегеніне наразы

Қаракөз Амантай 12 мам. 2025 17:05 236

Жетісу облысының Сарқан қаласындағы мектептердің бірінде қызметкерден ашық түрдегі туберкулез дерегі тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Stan.kz мәліметінше, бұл жағдай ата-аналар арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.

Ата-аналардың айтуынша, қауіпті диагноз расталғанына қарамастан, жергілікті билік тиісті деңгейде әрекет етпеген. Мектеп ғимаратында тек бір мәрте санитарлық өңдеу жүргізіліп, оқу процесі әдеттегідей жалғасуда. Осыған байланысты ата-аналар балаларының денсаулығына қатты алаңдайтынын жеткізді.

Жетісу облыстық білім басқармасының мәліметінше, туберкулезбен ауырған қызметкер – мектептің еден жуушысы. Оған қатысты барлық қажетті медициналық шаралар қолға алынған.

“Ақын Сара атындағы орта мектепте 187 оқушыға Манту сынамасы жасалып, 37 адам (мұғалімдер мен техникалық персонал) туберкулинге реакция және флюорографиялық тексеруден өтті. Нәтижесінде 50 оқушыда Манту сынамасы бойынша бейімділік байқалды. Қазір мектепте күнделікті дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде”, – деп мәлімдеді білім басқармасындағы мамандар.

Дегенмен, ата-аналар мен қоғам белсенділері оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауды, соның ішінде уақытша карантин енгізуді талап етуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар