Сарапшылардың пікірінше, жоғары пайыз мөлшерлемесі инвестициялық кредитті шектеп, бизнестің даму қарқынын баяулатады. Қарыз қымбаттаған кезде компаниялар жаңа жобаларды іске қосудан гөрі қолдағы қаржыны сақтауға басымдық береді. Нәтижесінде кәсіпорындардың ұзақ мерзімді жоспарлау мүмкіндігі қысқарып, экономикалық белсенділік төмендеуі ықтимал. Әсіресе, шағын және орта бизнеске, сондай-ақ, ірі капитал салуды қажет ететін салаларға салмақ түседі.
Қаржы мамандарының айтуынша, корпоративтік кредиттердің құны 20–30% деңгейіне жеткен жағдайда несие даму құралы болудан қалып, тек қазіргі қажеттілікті жабуға арналған құралға айналады. Мұндай кезеңде банктер үшін тәуекелі төмен мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестиция салу тиімдірек көрінеді. Соның салдарынан ірі инвестициялық жобалар саны қысқарады.
Қымбат капитал бизнес шығындары өсуіне де әсер етеді. Қолжетімді қаржыландыру болмаған жағдайда кәсіпорындар шығынды тауар мен қызмет бағасына қосуға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде инфляцияны тежеуге бағытталған саясаттың тиімділігін әлсіретуі мүмкін. Яғни мөлшерлеме сұранысты қысқартқанымен, өндіріс шығындарының өсуі арқылы бағаға жанама қысым жасайды.
Мысалы, компания 120 млн теңгеге үш көлікті лизингке алуды жоспарласа, пайыз мөлшерлемесі өскен сайын жобаның жалпы құны айтарлықтай өседі. Төлем көлемі ұлғаюы бизнеске қосымша қаржылық жүк түсіріп, инвестициялық шешімдерді кейінге қалдыруға итермелейді.
Сарапшылар жоғары базалық мөлшерлеме қысқа мерзімде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етсе де, ұзақ мерзімді экономикалық өсімге шектеу қоятынын атап өтеді. Сондықтан инфляциямен күрес тек ақша-кредит құралдарымен шектелмей, тиімді бюджет саясаты, құрылымдық реформалар және инвестициялық ортаны жақсарту шараларымен қатар жүруі қажет. Мамандардың сөзінше, осындай кешенді тәсіл ғана экономиканың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
