Атырау облысы Құлсары қаласындағы №6 мектепте болған оқиғаға қатысты баланың анасы жағдайдың қалай өрбігенін айтып берді. Оның сөзінше, оқиғаға дейін ұлы ұзақ уақыт бойы әлімжеттік көрген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Анасының айтуынша, сабақ үстінде сыныпта отырған баланы төрт оқушы шақырып алып, мектеп дәретханасында қысым көрсеткен әрі намысына тиетін сөздер айтқан. Осы жағдайдан кейін ашуға булыққан жасөспірім оларды қорқыту мақсатында соңдарынан балтамен жүгірген.
Сондай-ақ анасы ұлының мектепке барғысы келмейтінін бірнеше рет айтқанын жеткізді. Алайда ата-анасы оны сабырға шақырып, оқуын жалғастыруға көндірген.
"Балам ауырмайды, дені сау. Видеодан қарасаңыздар, ол тек өзіне тиісіп жүрген балалардың соңынан ғана жүгірген. Бұрын да “мектепке барсам, маған бірдеңе болуы мүмкін” деп жиі айтатын. Біз оны “бір жылың қалды, шыда” деп жұбататынбыз", – дейді ол.
Анасының сөзінше, мектепте әлімжеттік туралы шағымданған балаларды "терпила" деп атап, соның салдарынан оқушылар көрген қорлығы туралы ашық айта бермейді.
Ол бұл жағдайға біржақты баға бермеу керегін айтып, оқиғаға "буллинг" себеп болуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар ешбір ата-ана баласының жаман жолға түсуін қаламайтынын жеткізді.
