Қолайсыз ауа райына байланысты Қазақстанның бірнеше өңірінде автожолдардың 20-дан астам бөлігі уақытша жабылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің дерегіне сүйенсек, шектеулер Абай, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы бірқатар тасжолға енгізілген. Мұндай шешім қардың мол жаууы, бұрқасын мен көктайғақтың күшеюі салдарынан жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау үшін қабылданған.
Ведомство жүргізушілерге жолда барынша сақ болуды ескертіп, жылдамдықты ауа райына сай төмендетуді және көліктер арасындағы арақашықты ұлғайтуды ұсынады. Сонымен қатар қауіпті учаскелерде апаттық белгі беріп, күрделі маневрлер мен жолақ ауыстырудан уақытша бас тарту қажет.
ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, аса маңызды қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпаған дұрыс. Егер сапарды кейінге қалдыру мүмкін болмаса, бағытты алдын ала жоспарлап, көліктің техникалық жағдайын тексеру қажет. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
