Кейбір дереккөздердің хабарлауынша, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Оңтүстік» өңірлік филиалында 2024–2025 жылдары көлеңкелі жүк айналымы схемасы анықталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәліметке сәйкес, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 195-бабы бойынша тіркелген. Алайда дереккөздер бұл істе сыбайлас жемқорлық белгілері де болуы мүмкін екенін алға тартады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қызметкерлер жолаушылар пойыздары арқылы жүк тасымалдау тарифтерін негізсіз көтеріп, қаражатты жеке есепшоттарға аударды деген күдікке ілінген. Алдын ала мәлімет бойынша, қатысушылардың бірінің шотына 154 млн теңгеден астам қаржы түскені анықталған. Сондай-ақ дереккөздер аталған бөлімшеде цифрландыру жүйесі ұзақ уақыт бойы енгізілмегенін атап өтеді.
Компания не дейді?
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Оңтүстік» өңірлік бөлімшесі бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.
Бөлімше мәліметінше, Астана қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясы негізінде Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, Алматы-1 станциясындағы багаж бөлімінде тінту өткізген.
Барлық процессуалдық әрекеттер бейнетіркеу арқылы жүзеге асырылған. Іс-шара барысында қызметкерлерден жауап алынып, қызметтік құжаттар мен жабдықтар тәркіленген. Құжатсыз рәсімделген жүк бөлек бөлмеге жиналып, мөрленіп, құқық қорғау органдарының тексеруіне берілген. Тексеру аяқталғанға дейін жүк берілмейді және жөнелтілмейді.
Филиалдың хабарлауынша, бұған дейін ішкі қызметтік тексеру қорытындысы бойынша 2025 жылғы 4 қыркүйекте тәртіптік шаралар қабылданған. Нәтижесінде Алматы-1 станциясының багаж бөлімінің бір қызметкерімен еңбек шарты сенім жоғалту негізінде бұзылған. Сонымен қатар багаж тасымалын ұйымдастыру мен бақылауға жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік ықпал ету шаралары қолданылған.
Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында филиал бақылау шараларын күшейткен. Атап айтқанда, Алматы-1 станциясының багаж бөлімі аумағына бөгде адамдардың кіруі шектелген.
2026 жылғы 6 ақпаннан бастап Алматы-1 станциясының багаж бөлімі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. «Жолаушылар тасымалы» АҚ өңірлік филиалы тергеу органдарына толық қолдау көрсетіп отырғанын мәлімдеді.
Қосымша ақпарат тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін беріледі.
