Қазақстанда азаматтардың зейнетақыға қатысты күтулері олардың қазіргі қаржылық жағдайына тікелей байланысты екені белгілі болды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинақтарының "артық бөлігін" мерзімінен бұрын алуға қойылатын жеткіліктілік шегін көтеру мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Осы тақырып аясында БЖЗҚ жүргізген 2025 жылғы сауалнама қоғамдағы үрдісті айқын көрсетті.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, табысы төмен азаматтар зейнет жасындағы табысын көбіне мемлекет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) сеніп жоспарлайды. Күнкөрісі қиын немесе табысы тек азық-түлікке жететін адамдар үшін зейнетақы жинақтары мен мемлекеттік төлемдер негізгі әрі қолжетімді табыс көзі болып саналады. Ал бизнес жүргізу, қосымша жинақ қалыптастыру немесе сақтандыру сияқты балама мүмкіндіктер бұл топ үшін шектеулі әрі қолжетімсіз деп қабылданады.
Материалдық жағдайы біршама тұрақты азаматтардың көзқарасы өзгере бастайды. Тұрмысы орташа деңгейдегі адамдар зейнетақыны тек БЖЗҚ-мен шектемей, қосымша жинақ, инвестиция секілді қосымша қаржы көздері туралы ойлай бастайды. Яғни табыс артқан сайын зейнет жасына дайындық та жан-жақты бола түседі.
Ал материалдық қиындық көрмейтін азаматтардың зейнетақыға қатысты жоспарлары ең әртараптандырылған болып шықты. Бұл топ зейнет жасында тек зейнетақы төлемдеріне ғана емес, жеке бизнеске, инвестицияға және балама жинақтарға сүйенуді маңызды деп санайды. Мұндай көзқарас олардың қаржылық дербестігі жоғары екенін көрсетеді.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижесі қарапайым бір шындықты көрсетеді. Адамның табысы артқан сайын, оның зейнет жасына деген жоспары да кеңейіп, тек мемлекеттік қолдауға емес, жеке қаржылық мүмкіндіктерге көбірек сүйене бастайды.
