Газ саласында бейберекет тұтыну мен делдалдық схемалар тоқтай ма?

Самал Асқар 11 ақп. 2026 11:36

 
Қазақстанда газ қоры 3,8 трлн текше метр болғанымен, салада жүйелік теңгерімсіздік күшейіп келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршин кулуарда таныстырған заң жобасы дәл осы проблемаларды ашық көрсетті. Мәселе тек тарифте емес, басқаруда, бақылауда және жауапкершілікте.
 
Бүгінде газ өндіру жылына шамамен 60 млрд текше метрді құрайды. Оның 21,6 млрд текше метрі ішкі тұтынуға жұмсалады. Елді газдандыру деңгейі 64,2%. Сырттай бәрі жеткілікті көрінгенімен, тұтыну қарқыны артып жатыр. Газ арзан ресурс ретінде қабылданған сайын, үнемдеу мәселесі шетке ысырылуда.
 
Депутаттың айтуынша, энергия ресурстары қолжетімді болғаны үшін бақылаусыз жұмсалмауы тиіс. Газ стратегиялық ресурс ретінде қаралуы керек.
 
Жыл сайын елді мекендерді газдандыруға қомақты бюджет бөлінеді. Бірақ бірқатар нысан уақтылы іске қосылмай отыр. Себебі айқын:
•жобалау кемшіліктері
•құрылыс сапасының олқылығы
•нысанды қабылдау рәсімінің шамадан тыс күрделілігі
 
Қазір бір объектіні беру бірнеше сатымен өтеді: әкімдік, Қаржы министрлігі, Самұрық Қазына, QazaqGaz, QazaqGaz Aimaq. Нәтижесінде дайын инфрақұрылым әкімдік балансында тұрып қалады. Техникалық қызмет көрсетілмейді. Тұрғындар газсыз отырады.
 
Тағы бір түйткіл – делдалдық схема. Бір газ құбырында екі газ тарату компаниясы қатар жұмыс істейтін жағдайлар бар. Бұл қос тарифке әкеледі. Делдал пайда табады, ал қаржылық жүктеме халыққа түседі.
 
Жеке инвесторлар газдандырылмаған көшелерге құбыр тартады. Шығынын өтеген соң желіні қараусыз қалдырады. Бүгінде мұндай иесіз желілердің ұзындығы 4 000 км-ден асады.
 
Заң жобасы инвесторды желіні өзі қосылған газ тарату ұйымының меншігіне беруге міндеттеуді көздейді. Бұл техникалық қауіпсіздік пен қызмет көрсетуді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді.
 
Қолданыстағы тариф жүйесі климаттық ерекшеліктерді және нақты тұтынуды ескермейді. Мысалы, жылы өңірдегі 200 шаршы метр үй суық аймақтағы дәл сондай үйге қарағанда көбірек газ тұтынады. Бірақ тариф бірдей. Бұл әлеуметтік әділеттілікке қайшы және үнемдеуге ынталандырмайды.
 
Ұсыныс – тұтыну нормасын бекіту және нормадан асқан көлемге сараланған тариф енгізу. Өзбекстанда мұндай жүйе бар. Батыс Қазақстан облысы үшін айлық норма 800 м³ көлемінде белгілеу ұсынылып отыр.
 
Газ саласындағы ең үлкен проблема – есептің дәл еместігі.
 
2,8 млн абоненттің:
•2,1 миллионында көрсеткіштер қолмен алынады немесе фото арқылы жіберіледі
•1,9 млн QazaqGaz Aimaq абонентінің тек 100 мыңы ғана қашықтан есеп беретін құрылғымен жабдықталған
 
Бұл жүйеде толық бақылау жоқ деген сөз. Көрсеткіштерге қолжетімсіздік, адами фактор және бұрмалау тәуекелі жоғары.
 
Заң жобасы қашықтан есепке кезең-кезеңімен көшуге бағытталған. Есептегіштерді орнату шығыны газ жеткізушілер есебінен жүргізілуі тиіс.
 
2025 жылы сұйытылған мұнай газының тұтынуы 2,0 млн тонна, өндірісі 1,8 млн тонна болды. Яғни құрылымдық тапшылық қалыптасқан.
 
Баға жылыту маусымында тоннасына 150–200 мың теңгеден 250–300 мың теңгеге дейін өседі. Баға мемлекеттік реттеусіз қалады.
 
Сонымен қатар 3 000 автогаз құю станциясының 90% жер үсті резервуарларымен жұмыс істейді. 2025 жылы Түркістан және Атырау облыстарында жарылыстар тіркелді.
 
Ұсыныстар:
-жаңа станцияларда резервуарларды жер астына міндеттеу
-қолданыстағыларға 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін көшу
-заңсыз толтыруға тыйым салу
 
Бұл заң жобасы бағаны көтеру немесе түсіру туралы емес. Бұл:
-бюрократиялық тізбекті қысқарту
-делдалдық схемаларды жою
-есепті цифрландыру
-әлеуметтік әділеттілік енгізу
-қауіпсіздікті күшейту
 
Газ – қалпына келмейтін ресурс. Оны бейберекет пайдалану болашақта энергетикалық және экономикалық тәуекелге әкелуі мүмкін.
 
Сұрақ біреу: саладағы қалыптасқан мүдделер бұл өзгерістерге жол бере ме, әлде газ нарығындағы бейресми схемалар тағы да реформаны тежей ме.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove