Астанада 25–29 мамыр аралығында бірқатар көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарымен және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының өтуімен байланысты.
Мемлекеттік күзет қызметінің ресми мәліметіне сәйкес, шектеулер халықаралық деңгейдегі іс-шараларға дайындық және оларды өткізу кезеңінде енгізіледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында елордада арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күштері, Қарулы күштердің бөлімшелері, авиация мен арнайы техника жұмылдырылады.
Сондай-ақ осы күндері Астана аспанында Қорғаныс министрлігінің майдандық авиациясы оқу-жаттығу ұшуларын жүргізеді.
Мемлекеттік күзет қызметі тұрғындар мен қала қонақтарына қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлап, уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауды сұрады.