Құрбан айт мерекесі жақындаған сайын Қазақстанда құрбандыққа шалынатын мал бағасы өсе бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшылардың айтуынша, баға өңірге, малдың салмағына, жасына және мереке алдындағы сұранысқа байланысты қалыптасады. Нарықта ең көп сұраныс қой мен ірі қара малға түсіп отыр.

Ашық сауда алаңдары мен нарық мониторингіне сәйкес, ел бойынша қошқардың орташа бағасы 80 мыңнан 150 мың теңгеге дейін жетеді. Кей өңірлерде ұсыныстар 40–60 мың теңгеден басталғанымен, мұндай малдың бәрі құрбандық шалуға қойылатын талаптарға сәйкес келе бермейді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы іске қосқан онлайн құрбан шалу платформасында бір қойдың бағасы 125 мың теңге болып белгіленген. Ал бір ірі қараның құны 875 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар азаматтар үшін 1/7 үлеспен қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Сарапшылардың дерегінше, Қазақстанда ересек сиырдың орташа бағасы 376 мың теңгеге, жас бұқаның құны 265,3 мың теңгеге жеткен. Ал алты айдан асқан қойдың орташа бағасы шамамен 41,2 мың теңгені құрайды.
Өңірлер арасындағы баға айырмашылығы да сақталып отыр. Мәселен, Қарағанды мен Жезқазғанда құрбандыққа арналған қойлар 45–80 мың теңге аралығында сатылса, Павлодар мен Оралда орташа баға 60 мың теңге шамасында. Кей қалаларда ірі әрі жақсы бордақыланған малдың құны 120–125 мың теңгеге дейін жетеді.
Сарапшылар Құрбан айт жақындаған сайын сұраныстың артуына байланысты баға тағы көтерілуі мүмкін екенін айтады.