Қазақстанда проблемалы банктерді ерте анықтайтын жаңа жүйе енгізіледі

Қазақстанда проблемалы банктерді ерте анықтайтын жаңа жүйе енгізіледі
Фото: ашық дереккөзден

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстандағы банктердің қаржылай жағдайын бақылауды күшейтпек. Реттеуші проблемалы банктерді ертерек анықтап, тәуекелдің алдын алу үшін жаңа бақылау тетіктерін енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа ережелерге сәйкес, банктің қаржылық тұрақтылығы әлсірей бастаған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оның қызметіне жедел араласа алады. Ол үшін бірқатар маңызды көрсеткіш бойынша шекті деңгейлер белгіленбек. Атап айтқанда, құнсызданған несиелік активтердің үлесі, депозиттердің қысқа уақыт ішінде жаппай алынуы, активтердің табыстылығының төмендеуі және валюталық позициялар бақылауға алынады. Мысалы, егер бір апта ішінде депозиттердің кетуі 15 пайыздан асса, бұл қаржылық тұрақтылыққа қауіптің белгісі ретінде қарастырылуы мүмкін.

Сонымен қатар агенттік банктің өміршеңдігін бағалау тәртібін де әзірлемек. Бұған жүйелік тәуекелдерді анықтау критерийлері мен нарық талабына сай келмейтін, банкке шығын әкелетін мәмілелерді бағалау кіреді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі енді қаржылық есептіліктің бұрмалануы немесе клиенттердің төлемдерінде іркіліс байқалған жағдайда да жедел әрекет ету құқығына ие болады. Агенттік бұл өзгерістер банк секторындағы тәуекелдерді ерте анықтап, қаржы жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді деп отыр.