Сәтбаев университетінің базасында өткен 72 сағаттық халықаралық «TOM: Almaty» мейкатоны өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Dala News.
Ауқымды әлеуметтік-инженерлік жоба инженерлерді, ІТ-мамандарды, дизайнерлерді, еріктілерді және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды бір мақсатқа тоғыстырып, қоғам игілігіне бағытталған технологиялық шешімдерді бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік берді.
Үш тәулік бойы қатысушылар ерекше қажеттілігі бар жандардың күнделікті өмірін жеңілдетуге арналған жобаларды жасап, оларды тәжірибеден өткізіп, нақты қолданысқа бейімдеу бағытында жұмыс жүргізді. Мейкатон аясында ұсынылған бастамалар инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызды қадамына айналып, технологияның адам өмірін жақсартудағы рөлін айқын көрсетті.

Бүгінде Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасын арттыруға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және заманауи технологиялар арқылы жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне ерекше назар аударылып келеді. Осы тұрғыда «TOM: Almaty» мейкатоны әлеуметтік жауапкершілік пен инновацияны ұштастырған маңызды алаң болды.
Жоба тек инженерлік идеялардың байқауы ғана емес, мейірім мен жанашырлықтың, қоғамдағы өзара қолдау мәдениетінің көрінісіне айналды. Мұндай бастамалар жастардың әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамайтын, қоғам игілігі үшін қызмет ететін жаңа буын ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл ерекше балалардың ата-аналары үшін де үлкен үміт пен қолдау алаңы болды. Себебі ұсынылған жобалардың басым бөлігі балалардың күнделікті өмірін жеңілдетуге, олардың қозғалыс белсенділігін арттыруға және қоғамға еркін бейімделуіне бағытталған.
Мейкатонның ашылуында сөз сөйлеген Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаевжобаның қоғам үшін маңыздылығына ерекше тоқталды:
«Бұл мейкатон адамдарды жақындастыратын, жүректерді біріктіретін ерекше жоба. Осында жиналған жастардың энергиясы мен ізденісі кез келген кедергіні еңсеруге болатынын дәлелдейді. Ең бастысы мұнда технология ғана емес, адам тағдырына деген жанашырлық бар. Біз жыл сайын инклюзивті қоғам құру жолында тың идеялардың дүниеге келіп жатқанын көріп келеміз. Осындай жобалар арқылы жастар тек кәсіби тәжірибе жинап қана қоймай, қоғамға пайда әкелудің шынайы мәнін түсінеді. Бұл болашаққа жасалған үлкен қадам. Бүгін ұсынылған жобалардың әрқайсысында үміт, қамқорлық және үлкен еңбек жатыр. Осындай бастамалардың арқасында елімізде инклюзивті мәдениет нығайып, ерекше қажеттілігі бар жандарға деген қолдау арта түсетініне сенімдімін».
Мейкатон философиясына «Әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, жобаның негізін қалаушы Сания Арапова да тоқталды:
«Бұл бастама қазақ халқына тән өзара көмек пен жанашырлық құндылықтарын жаңғыртады. Бір-біріне қолдау көрсету біздің қоғамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Осы ынтымақ пен ортақ мақсат сіздерге шабыт берсін».
Мейкатон қорытындысы және үздік жобалар

Сарапшылар алқасы ұсынылған жобалардың практикалық маңызын, қауіпсіздігін, қолжетімділігін және технологиялық сапасын бағалады. 72 сағаттық марафон қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
1-орын «All-Fusion» командасы («AdaptiCycle» жобасы). Команда церебралды сал ауруына шалдыққан және қимыл-қозғалыс үйлесімі бұзылған жастарға арналған жеңілдетілген үш дөңгелекті электрлі реабилитациялық трайк әзірледі. Жобаның ерекшелігі гибридті жетек жүйесі, анатомиялық тірегі бар орындық және 3D-баспа технологиясы арқылы жасалған жеңіл модульді рама.
2-орын «U Freedom» командасы. Команда церебралды сал ауруының ауыр түріне шалдыққан балаларға арналған серуен арбасын жетілдіріп, оны баланың жеке қажеттілігіне бейімдеді. Прототип күшейтілген рама, қауіпсіздік белдіктері және арнайы анатомиялық тіректермен жабдықталған.
3-орын «Неискусственные интеллекты» командасы. Команда инклюзивті технологиялар саласындағы тиімді инженерлік шешім бейімдеу мен оңалтуға арналған ассистивті құрылғыны таныстырды.
4-орын - үш командаға берілді:
• «Useful HDU Team» - церебралды сал ауруына шалдыққан балалар мен ересектерге арналған үй жағдайындағы реабилитациялық велотренажер әзірледі. Құрылғы арнайы қосымшамен синхрондалып, жаттығуды ойын форматында өткізуге мүмкіндік береді.
• «MechanicsX» - вертикализаторды, аяқ пен қолды жаттықтыру құрылғыларын бір жүйеге біріктірген көпфункционалды реабилитациялық аппарат ұсынды.
• «KSA Alt» - церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың саусақ моторикасын дамытуға арналған арнайы жаттықтырғыш жасады.
Сәтбаев университетінің арнайы жүлдесі «Фиксики» командасына «FixiDrive» жобасы үшін табысталды. Команда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаға бейімделген интеллектуалды электржетек жүйесін әзірледі. Жоба пайдаланушының еріксіз қимылдарын тегістеп, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кету керек, «TOM: Almaty» аясында әзірленген барлық жобалар алдағы уақытта жетілдіріліп, нақты пайдаланушыларға ұсынылады. Кейбір прототиптерді шағын сериялы өндіріске енгізу мүмкіндігі де қарастырылуда. Бұл Қазақстанда отандық инклюзивті технологияларды дамытуға және ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Осындай жобалар қоғамда инклюзивті мәдениетті нығайтып қана қоймай, әрбір балаға тең мүмкіндік беруге ұмтылатын ізгі құндылықтардың арта түскенін көрсетеді.