Back
| DalaNews

Алматы облысында 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды

Алматы облысында Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған.

Аталған тапсырманы орындау үшін келесі жылы бұл бағытқа  жарты миллиард теңге бөлінген. Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әлидің сөзінше, өңірде Панфилов, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Кеген, Жамбыл және Талғар аудандарында 9 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. «Тәуелсіздікке трату» акциясы аясында тағы 3 нысан  желтоқсан айының соңына дейін пайдалануға беріледі.

– Алматы облысының әкімі Амандық Баталов салауатты өмір салтына  ерекше көңіл бөледі. Өңірде бұқаралық спортты дамыту бойынша «2021-2025» бағдарламасы әзірленуде. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін облыстың 20 ауданы-қалаларында футбол, волейбол, баскетбол және т.б. спорт түрлері бойынша «Жетісу әуесқой лигасы» бұқаралық спорт федерацияларын құру көзделген. Жоғарыда айтылғандардан басқа, қосымша 7 ДСК  келесі жылдың соңына дейін тапсырылады. Бүгінгі күні объектілердің ЖСҚ дайын және бекітуді күтуде. Барлығы 20 кешен  2022 жылға дейін пайдалануға беріледі, – деді Рустам Әли.

Айта кету керек, дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Жетісу өңірінде 3702 спорт ғимараты, оның ішінде 808 дене шынықтыру-спорт нысаны, 2652 білім беру мекемесі және 242 спорт мектебі жұмыс істейді.

Талдықорғанда олимпиадалық стандарттар бойынша жүзу бассейнінің құрылысы аяқталуда, оны әлем чемпионаттарына дейін өткізуге болады.

Тағы оқыңыз:

Жетісуда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы талқыланды